Өлеңдер ✍️
«Модная бабушка»
- Шырағым, жүйрік екен «пойз» дейтін,
Шал-кемпірдің қолы екен той іздейтің.
Деп енеміз кеп түсті кенеп қаппен,
Ақ таяқпен, ауылда қой іздейтін.
Жұрт қарайды киініс, порымына,
Елемейді енеміз оны мына.
Жаулығының бір ұшы тірсегінде,
Көйлегінің етегі тобығында.
Енеміз шықпаушы еді алысқа көп,
Ал, мұнда туыс та көп, таныс та көп.
Балконнан немересі мақтанып тұр:
«Вот, моя модная бабушка» деп.
- Мына дорба Манасқа сырлас қайыным,
Мынау әлгі.., кім ұғар құрдас жайын.
...бар Алматы дәметіп отырғандай,
Таратады құрт-майын үй бас сайын.
-Жасыл ну Алматыңыз жұмақ екен,
Жастарға жарасымды тұрақ екен.
Келгенде балаларға бар айыбы,
Әттеген-ай, ауылдан жырақ екен;
Деп енеміз мақтаса қала жайын,
Отырған күліседі бар ағайын:
- Қаптаған халық анау көшедегі,
Машина құжынаған арадайын...
Деген сөзді енеміз шам алады;
Өңменіңнен өтеді қарағаны.
- Тәйт, әйірі, аспаңдар, өйтіп шалқып,
Не жетсін тіршілікке қаладағы.
Амандықтан басқа оның жоқ тілегі,
Қуаныштан төбесі көк тіреді.
- Әр көшесін жаттап ап бес саусақтай,
Астаналық боп кеттім – деп күледі.
Жүзінде бар қобалжу, мақтаныш та,
Жарқылдап білезігі, соққан ұста.
Адасса қол көтерер такси түгіл,
Ағылған көшедегі автобусқа.
Кей жемісті жаңылып, дұрыс алмай,
Көк базарға тартады тыныс алмай.
Ұқса да орысшаны «хорошо» деп,
Жүргені саудагермен ұрыса алмай
Күн сайын адасудан көз ашпайды,
Көше сұрап, ешкімге жақ ашпайды.
Бір ірет менің өзім алдым тауып,
Бір ірет тауып алды Манас қайыны.
Бүгін тағы сипалап келген жерін,
Кісі іздеудің бастадық сергелдеңін.
Мүмкін болса бір хабар жеткізіңдер,
«Модная бабушканы» көргендерің...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter