Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  112


Автор: Мерғали Ыбыраев

Халқыма айтар бір арман

Кеш жұртым, кешір жұртым, жұртым менің,
Жауыңның тісінде едің, ұртында едің.
Аждаһа аш құрсағын толтыра алмай,
Көжектей жылан жұтқан бүлкілдедің.
Өз қолың өз аузыңа жетер ме екен,
Өмірің өксуменен өтер ме екен?!
Үздігіп мына түскен зіл салмақтан,
Үзіліп бел омыртқаң кетер ме екен?!
Жаутандап жақсыға да, жаманға да,
Жағынып саясатқа, заманға да.
Кешегі "шын досың " шыныменен,
Жарамай қалар ма екен "аманға" да
Баяғы бұғау шығар кім біледі?!
Тозғаның туған жерде күйдіреді.
Ауылдың аш иттері күресінде,
Қаланың тоқ иттері үйде үреді.
Жастарың жалаңдасқан қағынып жүр,
Саудаға алым-берім салынып жүр.
Аузынан от бүріккен қайран шындық,
Шұлғау боп Шығайбайға жағынып жүр.
Бар болар алда әлі талай белең,
Таңырқап бәріне де қарай берем.
Дәметіп демеушіден аш төбеттей,
Қонышын майлы етіктің жалайды өлең.
Ол рас, аштықта жоқ, тоқтықта жоқ,
Жасқасан нәсібесіңнең: "соқтықпа " деп:-
"Қайтесің бұйырғаның шоқи берсін,
Қарғаның екі көзі боқтықта" деп.
Аларып жұдырығын көрсетеді,
Алла да таң қалғандай көрсе,тегі.
Боркемік,болат қайтқан «батыр» ұлын,
Көргенде көлеңкесін селк етеді.
Арасы бар мен жоқтың қарға адым-ды,
Есепте бергенің мен алғаңыңды.
Байлық жоқ сарқылмайтын,білмей қалма,
Бір күні жүген ұстап қалғаңыңды.
Біреудің босағанмен Әмірінен,
Көп шығар көрешегің әлі білем.
Ендігі көз жасыңды мөлтілдеген,
Тілеймін көрсетпе деп Тәңірінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу