Өлеңдер ✍️

  09.06.2022
  98


Автор: Мерғали Ыбыраев

Асау

Білемін мінгі білсе мінгескің бар,
Шағыр көз, шәлкес мінез бір бестім бар.
Арда емген, ауыздықсыз ақ бестімді,
Ат емес аю дейді білмес мұндар.
Жайылса жайылады ол саяқ жүріп,
Жылқыға қосылмайды еш таяп жүріп.
Шыққанын биыл бесті бір-ақ білдім,
Құрықсыз құлын кезден аяп жүріп.
Ер салып, алынбаған ащы тері,
Сондықтан қатты болар басы, тегі.
- Піштіру керек! – дейді қатал әкем,
Жұп-жұмыр ақ байталмен ашына еді.
Келтіріп, баптай білсе зар бабына,
Толады Толыбайлар талғамына.
Білемін даңқы жетер, талай тойда,
Ертістің ар жағына, бер жағына.
Білмейді ол ережесін, бәйге заңын,
Татпаған бақ-даңықтың емге дәмін.
Көтеріп аруағын аталардың,
Жетпеген жүйріктігі елге қалың.
Ұсынар бас тоғызын, сыйды кімге,
Қашаннан ол халықтың билігінде.
Тілеймін әркімдерге шын жүлдені,
Белгісіз белдеудегі жүйрігіне!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу