Өлеңдер ✍️
КӨЗБЕН ЖАЛҒЫЗ КҮЙ ШЕРТЕР
Ойынды қойып, ойбайлап жылап бар бала,
Қатындар қарғап, қарайып кетті сар дала.
Сарыарқа күшін танытқан сарын иесін
Алпауыт Ақбай байлатып жатты арбаға.
«Өзекті жанға бір өлім» дейтін кезі дәл,
Өспірім көңіл өсірген ана өзі ұғар.
Жүрерде арба көзбенен жалғыз күй шертті:
«Аман бол, шешем, аман бол», – деген сөзі бар.
Қараңғы жерден қайтарар қайсы, қай күлік?!
Жығылып жығам, жүрегім қатты шайлығып,
Ажалға бермей, араша болар дәрмен жоқ,
Әл-қуат, әнім – әкемнен қалдым айрылып.
Хал-жайын ойлап, қалтырап жүрген кезі дәл,
Өспірім көңіл өсірген ана өзі ұғар.
Күніге енді көзбенен жалғыз күй шертем:
«Аман бол, шешем, аман бол», – деген сөзі бар.
Торлама әжім түсірсе күндер ажарға,
Тосқауыл бар ма араны жаман ажалға?
Өсіріп ұрпақ, өткеріп барлық міндетін,
Өтеді ана, кетеді ана мазарға.
Ұлдар да туар атадан асар өзі нар,
Қартайса ана қадірін сонда тез ұғар.
Олар да кейін көзбенен жалғыз күй шертер:
«Аман бол, шешем, аман бол», – деген сөзі бар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter