Өлеңдер ✍️
Шаттыққа шаба берсе разымын
сүйікті жар, мейірімді әке, мақтаулы құрылысшы,
танымал қаламгер
Асқарбек Назарбекұлының 60 жылдық мерейтойына)
Ей, өмір еңкейтпеші еш ұлыңды,
Кісінің күндіз түгіл, кеші нұрлы,
Асқарға, асуларға асықсын – деп
Асқарбек қойған сірә есіміңді.
Жайсаңнан көңілі – гүл, жаны нұрдан,
Жақынның теңіз – тілегін дәрі қылған.
Асқарбек сенде – мың адамдағы мықтылық,
Алты жылдың азабын алып ұрған.
Теріс ойды терісінше туралап,
Тамсанайын таң қалайын тұра қап.
Асқарбек сенде – әкеге, сөзге махаббат,
Алып ап қалам өргені – ой, сөзді орап.
Жоқ сірә қайран жылды құрықтар күн,
Мен оны бір емес-ау, мың ұққанмын,
Асқарбек сенде – Майяға деген махаббат
Тірлікте түк бұзбаған тұнық қалпын.
Ағалар аман болғай ілестірген,
Дүбірсіз дүниеде кім естілген,
Асқарбек сенде – бала, немереге махаббат
Алақанынан ақ шуақ үлестірген.
Адаммен адымымды қызық көргем,
Аһ ұрмас тереңнен маржан сүзіп, терген,
Асқарбек сенде – туысқа тұтас махаббат
Жүрегінің жүзімін үзіп берген.
Ықыласын ылғи айтса ырза жақ,
Тауға айналып тұлғаландың тыңдап ап,
Асқарбек сенде – адамға деген махаббат
Қайырымыңа қайырылып қарау бір ғажап.
Толымды сөз тулап жатса таңдайда,
Түбірінен түсінетін жан қайда.
Асқарбек сенде – жерге, елге махаббат,
Ұшақтан бұрын ұшып барған Торғайға.
Тербетілген тал бесігің ұлы өнер,
Тәтті сөзге тебіренді, түледі ел,
Махаббаттан жаратылған жақсы інім
Машақатты маңдайдан пер де, түрегел.
Бар иә берік достар, біраз інім,
Болмаса олар ортайдым, құлазыдым,
Асқарбегім алпыста, ақбоз атта
Шаттыққа шаба берсе разымын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter