Өлеңдер ✍️
Досқұл ағаға ақ тілек
Жасағанның нұры түсті сірә маған,
Қуанышын жасырып тұра ма адам?!
Бес жыл бойы ешкімнен ештеңе сұрамап ем,
Қуанышы алда екен-ау адамның құламаған!
Жақсы жандар Досекеңдей жаныңды ұғар,
Көп болса ғой, ондайларға жаным құмар.
Дос ағаның жақсылығы, айтқызбай көмек беріп,
Жіберді курортыма жылдағы барып тұрар.
Досқұл аға, жан екенсіз қолы ашық,
Қолы ашық ағаның болсыншы жолы да ашық.
Құдай Сізге сарқылмайтын қуат берсін,
Жүріңіз үнемі кемтарларға болып асық.
Бұл заманда кімнің жанын кім түсінген?!
Жан шуағын жаныңа кім түсірген?!
Досқұл аға, аман жүрші жер бетінде,
Атыңызға ешқашан кір түсірмен!
Қуанышқа кенелтіп пәк жанымды,
Мәз-мәйрам ғып қосағым жан-жарымды.
Айналуға қоламтаға аз-ақ қалған,
Маздаттыңыз кеудемдегі шоқ-жалынды.
Дос аға, туғандаймыз бір әке, бір анадан,
Күніміз жоқ бірімізді-біріміз қуалаған.
Жақсының жақсылығын айтып өтем,
Айтпасам, бұл жалғанда – күнә маған!
Танитын бір көргеннен таязың мен тереңінді,
Айыратын айтқызбай-ақ ақымақ-кереңіңді.
Досқұл аға, жеті саны киелі сан қазақ үшін,
Ақ ниетпен қабылдаңыз жеті шумақ өлеңімді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter