Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  139


Автор: Жарылқасын Аманұлы

АҚЫНДАР-АЙ, АҚЫНДАР

Ақындай мейірімді,
Әлемде жан бар ма?
Анадай тербетіп,
Таңдардан таңдарға,
Тәтті үміт жетелер,
Арманнан арманға.
Жауға да жамандық ойламай,
Араша болатын аңдарға.
Ақыннан мейірімді,
Жан бар ма жалғанда?
Ақындай турашыл,
Әлемде жан бар ма?
Ешкімге жағынып,
Табынып жүрмейтін.
Біреуді күндеуді,
Тілдеуді білмейтін.
Мансапқор марғауды,
«Адам» деп көзіне ілмейтін.
Ақындай турашыл
Жан бар ма жалғанда?
Ақындай ақпейіл,
Әлемде жан бар ма?
Кемтарға,
Кеміске күлмейтін.
Үміті өшкеннің,
Үмітін жақсам деп үрлейтін.
Жарқылдап,
Жаздай боп жатқа да,
Көктем боп гүлдейтін.
«Елім» деп еңіреп,
Елі үшін,
Жерұйық іздейтін.
Ақындай қамқоршы,
Жан бар ма жалғанда?
Ақындай сезімтал,
Әлемде жан бар ма?
Жүректің пернесін,
Дөп тауып басатын.
Көңілінді көтеріп,
Нұр шуақ шашатын.
Бөлместен,
Адамзат баласын,
«Кел, кел» деп,
Есігін айқара ашатын.
Ақындай мейірімді,
Турашыл, ақпейіл,
Сезімтал жан бар ма,
Жан бар ма, ғаламда?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу