Өлеңдер ✍️
БАСЫЛАТЫН ЕМЕС-АУ, ШАРШАҒАНЫМ
Басылатын емес-ау, шаршағаным,
Бас ұратын емес-ау, аңсағаным.
Аңсадым ба өзгеше таң самалын,
Неге сонша құмарта тамсанамын?!
Аңсағаным алдымнан шығатындай,
Арсалаңдап бар жанды қарсы аламын.
Қандай асыл болды екен іздегенім,
Өз ойымнан бурадай тізделемін.
Сонда да алда соқпақты із көремін,
Күдерімді, келер күн, үзбе менің.
Мұқалмайтын мұраты басты арманның,
Аққу болып ән салып жүзді өлеңім.
Бұдан да артық бар ма екен іздегенім?
Аңсағаным атақ пен данқ па екен?
Жо-жоқ, сұлу торы аттай қалыпта өтем.
Сүтпен сіңген мінезді сүйегіме,
Өзгертпестен өзіммен алып кетем.
Мен қызыға қоятын бұл өмірде,
Естімеген атақ-данқ қалып па екен?
Жо-жоқ, сұлу торы аттай қалыпта өтем.
Іздегенім бақ па еді,
Дәулет пе еді,
(Дәулетсіз-ақ өмірім сәулетті еді)
Жүр ме дәулет мені де әуре еткелі?
Алданбайтын алдамшы тіршілікке
Әлде ақындар өзгеше әулет пе еді?!
Пейілдері періште санатында,
Аманаты арманның қанатында.
Әулет пе еді ақындар дара тұлға?
Арым үшін аяман, жан пида, – деп,
Отқа түсіп, оққа ұшып қалатын да,
Құрбандыққа елі үшін баратын да,
Ақын шығар алаулап жанатын да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter