Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  118


Автор: Жарылқасын Аманұлы

КИЕМ КЕЛІП КӨРІНДІ

Кием келіп,
Ием келіп көрінді.
Көрінді де,
Түнгі ұйқым бөлінді.
Қапаланып
Өміріме жатыр ем,
Көз жасымды,
Сүртті маңдай терімді.
Ай дидарлы,
Ақ сақалды киемді.
Көріп тұрмын,
Қорғанышым иемді,
«Неге сонша
Қапаландың», – деді де,
Бас жағына,
Төсегімнің сүйенді.
Жаттым қарап,
Екі көзім төбе де.
Тұтанды от боп,
Төбемдегі шеге де.
Шыжылдап кеп,
Көмейіме шоқ тамып,
Бу ма, у ма?
Тарап жатты денеге.
Шама қайда,
Мойынымды бұруға.
Улы будан,
Әл-дәрменім құруда.
Көз жасымды
Сүртіп Кием күбірлеп,
Көз алдымнан,
Көк пердені сыруда.
Маужырадым,
Рақатқа бөленіп.
Сорлы көңілім,
Қалған екен көнеріп.
Кием де жоқ,
Ием де жоқ бір кезде
Тірілдім бе,
Кім біледі мен өліп?
Тылсым сыры,
Он сегіз мың ғаламның,
Сыймайды екен.
Санасына адамның.
Қиналғанда –
Киең келіп күш беріп,
Рухы да
Қолдайды екен Бабанның.
Мұның бәрі
Рақымы деп білем,
Құдіреті
Шексіз Алла тағаланың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу