Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  93


Автор: Нұржан ҚАДЫРƏЛІ

ӨЛІАРА

Тұнжыры тағдырымның тұманы ұқсап,
Жылжыды, жоқ жанардан жылауық сəт…
Мен саған теріс қарап кетіп барам,
Тағы да өз өзімді шығарып сап.
Көшеде көңіліңді жауын жуып,
Бөлмелер құрсағында тарылды үміт.
Сен мені кетпей жатып қимай тұрсың,
Тағы да, өз өзіңді сағындырып.
Ооо, менің обалы жоқ ойлағышым,
Өзіңсіз өртенуін қоймады ішім.
Біз бүгін өкпеліміз махаббатқа,
Өмірді кінəлəтіп қойғаны үшін.
Көз жасыңды төк мейлі, төкпе мейлі
Бəрібір солған гүлдер көктемейді.
 Сондықтан, оларда тек біз секілді,
Жұлғызған жүректерге өкпелейді.
Қалдырып мезгілімді мекеніңе,
Қаңғырып бақыт дейтін бөтеніме.
Ешкімсіз еріп барам елегізіп,
Кескінсіз көлеңкемнің жетегіне…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу