Аңыздар ✍️

  04.06.2022
  302


Автор: Ескен Елубаев

ҚЫРҒЫННАН ҚҰТҚАРҒАН ҚАРЛЫҒАШТАР

Халық аңызының iзiмен)
Ерте, ерте, ертеде,
Жерi жəннат
Өлкеде,
Жаулары көп жан-жақта,
Асқар тауы бар жақта.
Жетi суы
Əр жаққа
Ағып жатқан
Аймақта.
Елдiң қашқан қиюы,
Жаугершiлiк заманы,
Жау шапқанын тыюдың
Табылмады амалы.
Табиғаттың түрленген,
Көктем кезi көгiлдiр.
Гүл-бəйшешек бүрленген,
Жердiң жайнап көгi бiр.
Мұздар ерiп қияда,
Өзен асып-тасқан кез,
Қарлығаштар ұяда
Балапанын басқан кез.
Шекараға тым жақын
Бiр оқшау үй бар едi.
Мекен етiп тұратын,
Иесi оның шал едi.
Тақыр кедей жарықтық,
Қарар болсаң күйiне,
Соның ұя салыпты
Қарлығаштар үйiне.
Ұя толы болатын
Қызылшақа балапан.


Талпынуға қанатын
Жаңа-жаңа жараған.
Қарлығаш – құс киелi,
Халық бастан бiледi.
«Қызырдың бұл нышаны», –
Деп шал жорып жүредi.
«Биыл менiң үйiме, –
Дейдi ол:
– Ырыс кiредi...»
«Шетiнемей бiрi де,
Ұшса екен», – деп тiледi.
Ауызынан күнiне
Түспейдi айтқан тəубесi.
Тарағандай үйiне
Жақсылықтың сəулесi.
Бала қолын қақпалап,
Тигiзбей ол жүредi.
Қарлығаштар –
Ақтамақ
Сайрағанды сүйедi.
«Қарлығашқа тигеннiң
Қолы сынып қалады...» –
Бəрiне өстiп жүргенi,
Арашалау амалы.
Ақылгөй шал күн ұзын
Көктi шарлап қиялы.
Нанын тастап бiр үзiм,
Қорғаштайды ұяны.
Келгеннен соң «елiм» деп,
«Ұя басар жерiм», – деп,
Күзетiп жүр ерiнбей:
«Мiндетiм сол менiң», – деп.


Хабар жеттi бiр күнi:
«Келедi, – деп, – қалың қол!
Жаман екен сұрқыны,
Қалдырмайды жаныңды ол!..»
Көшпендi ел дүрлiгiп
Үйiн жақты көшуге.
Жоқ болған соң
Бiрлiгi,
Қайрат қылмақ несiне?
Деп «заманның тарлығы»,
Əп-сəтте есi шатысты.
Жөнеп бердi барлығы,
Бетке алып күн батысты.
Жылап-сықтап, сүйiсiп,
Қош айтысып бар жұртқа,
Торғайдай боп бүрiсiп,
Қала бердi шал жұртта.
«Көш!» дегенге көнбедi,
«Бұзбаймын!» – деп ұяны.
Сонда босқын ел дедi:
«Алжыған ғой сыңайы...»
Мəз болмай тұр күйi оның,
Қалды жұртта
Орнында,
Тұрды жалғыз үйi оның
Жау жасағы жолында.
Қалай ғана қияды:
Тiлеп жүрген ақ жолын,
Талқандауға ұяны
Шыдамады дəтi оның.
Балапандар ши борбай
Шиық-шиық етедi.
Мүшкiл халiн шал ойлап,
Жасқа толды етегi.


Шыр айналып кетпейдi
Қарлығаштар
Төбеден,
Айтуға тiл жетпейдi,
Аянышты не деген!
Талпынды ұя шетiне
Балапандар бəрi де.
Өздерi ұшып кетуге
Жарамайды əлi де.
Жасақ
Елдi таба алмай,
Аласұрып келедi.
Жұпыны бiр дəл алда
Киiз үйдi көредi.
Өңкей «мықты»,
Кiлең «ер»,
Аңыратып ат қойды.
Басқыншылар,
Дүлейлер,
Шал үйiне лап қойды.
Үйдi қоршап жарбиған,
Айнала кеп тұрысты.
Шалды көрiп қалқиған,
Мазақ етiп күлiстi.
«Қашпай жолда жатырсың,
Өлекседей түрiң бар.
Кiмге сенген батырсың,
Мұның нендей сыры бар?!»
Жау алдында тасыған
Шал айтты қолбасыға:
«Жiбермеген еркiме
Ана ұяны көрдiң бе?
Балапанын қимадым,
Қарлығашты сыйладым.


Бұзуға оның ұясын
Қайтiп қана қиясың.
Келмедi алғым
Қарғысын,
Ендi өзiң бiл арғысын.
Ниетi iзгi адал да,
Қарлығаш дос адамға,
Жасасаң,
Маған жаса да,
Қиянат оған жасама...»
Шыр айналып кетпейдi
Қарлығаштар
Төбеден.
Айтуға тiл жетпейдi,
Аянышты не деген?!
Қарлығаштар шырылдап,
Сұрағандай
Араша.
Жау жүйкесi шымырлап
Кеткендей-ақ қарасаң.
Қолбасы айтты үкiмiн:
«Бұл арадан кетемiн.
Бiлдiм,
Шалдың жұртының
Мейiрiмдi екенiн.
Мұндай шалы бар халық
Жауыздықты жасамас.
Бiздер керi қайталық,
Шабуға қол бата алмас.
Мейiрбан бұл халықты
Құрметтеймiн,
Сыйлаймын.
Жүрегi адал алыпты
Қуғындауға қимаймын....»


Қолбасы аттан түстi де,
Шалды орнынан тұрғызды.
Қаһарлы да,
Күштi де,
Қолды керi бұрғызды...
Жасақ қайтып кетiптi,
Шалдың жанын түсiнiп.
Жау да болса сөйтiптi,
Бұл да мəрттiк,
Кiсiлiк!
Жауды керi қайырып,
Жұртын
Жаудан айырып,
Аңыз болды дана қарт,
Атағы елге жайылып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу