Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  125


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ӘРІПТЕРГЕ БАЙЛАНҒАН ЖЫР

Бақ-береке бағалатар барымды,
Абыройым асқақтатар арымды.
Құт-қазына қасиетті, қадірлі,
Ырыс, ырыздық ынтымаққа ыңғайлы,
Тыныштықта той-томалақ табылды.
Бастапқыда берік болса байламы,
Адуынды, албырт, абзал, айлалы,
Құрбы-құрдас қызса қайнап қайнары,
Ымырашыл, ықтиярлы, ынталы,
Таңырқатар тайғанақта тайғаны.
Бірлік байлық бастауындай болған-ды,
Адалдығым алға апарар арманды.
Қуат қатты құлшындырып, қарманды,
Ыстық, ынтық ыдыратып ызаны,
Тапқан танып таланттыны, тарланды.
Барым, бағым, басымдағы байлығым,
Адам атын асыратын айбыным,
Қиындықта қобалжымас қажырым,
Ызғырықтан ығыспайтын ықтасын,
Түбірленген, тереңдеген тамырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу