Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  163


Автор: Ақылбек Шаяхмет

САНДЫҚ

Ойлап тұрсам, үйде тұрған сандыққа
Өте қымбат бұйымдарды салдық па.
Торқа, жібек күнге шықпай шірісе,
Сау қалғанын қайта тауып алдық па?!
Мылтық бар ма пайдаланған аңшылар,
Қанжар болса,ол да таттан аршылар.
Қамшы бар ма сегіз таспа өрілген,
Бəлкім, шүмек, бəлкім, түбек бар шығар.
Бірақ, таяқ ұстатқандай соқырға,
Келген жандар көп емес-ау ақылға.
Адам-сынды түскен көрге, ақырға,
Асыл кітап беті ашылмай жатыр ма?!
Тықты ма оны сусаған жан білімге,
Алтын-күміс ораулы ма түбінде?
Мысықтың да білмейді екен ешбірі
Не жатқанын тышқандардың інінде?
Бал жатыр ма бұзылмайтын ғасырда,
Зергер соққан сақиналар асыл ма?
Алтын алқа, күміс сырға, жез түйме,
Бəрі-бəрі болған шығар осында.
Сандық осы тұтқасы бар, құлпы бар,
Ескілерден қалған жиһаз ұмытылар.
Ескі тозар, жаңа озар, амал не,
Қимаса да, араша оған кім тұрар?
Көкірегі алтын сандық ағалар,
Сандықты та түбі кейін бағалар.
Сандық көрсең жұртта қалған егер де,
Ішінде оның не жатқанын қарап ал!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу