Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  161


Автор: Ақылбек Шаяхмет

МОДА БОЛДЫ

Мода болды бұл күні ала жейде,
Көкіректі шалады нала кейде.
Тағып алып шоқпардай галстукті,
Ала жейде киіп ап барам үйге.
Көңіл желдей ұйтқиды ала құйын,
Кетеді екен жүректен жара қиын.
Арып-ашқан адамдар Бухенвальдта,
Көз алдымнан кетпейді ала киім.
Аттамаспын ешкімнің ала жібін,
Жер бетіне зер салып қара бүгін.
Шекарада тұр, бірақ, ала баған,
Ажыратып елдердің аралығын.
Алабота, арам шөп шабар кезім,
Болса-дағы абыржып қалам өзім.
Алабажақ бояуын жақты біреу,
Біреу маған алайтып ала көзін.
Керегі не өмірдің алалаған,
Қалай ойлап тапты екен аланы адам?
Тас төбеме ала бұлт келіп қапты,
Ойға шомып қалдым мен қарап оған..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу