Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  94


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БІР ЖИЫНДА

Əрқайсысын көсем дер жиналыпты шешендер,
Қас болмайық дейсіздер, күні кеше дос еңдер.
Дос болайық дейсіздер, достық қымбат алтыннан,
Сол достықты сақтаған айналайын халқымнан!
Қыдыр дарып əр үйге, ынтымақты от басын
Кесепаттан, қастықтан, қасіреттен сақтасын!
Дастарханның басында есіп сөйлеп, бірақ-та,
Айнығандар табылар өткеннен соң бір апта.
Болмаса да ақымақ, мына біреу тоқылдақ
Қайта-қайта шоқып ап, мазамды алды қақылдап.
Құлағы бар, тілі жоқ сөйлемейтін балық бас
Бейтарап боп жүрсе де елді билеп жарытпас.
Енді бірі сонадай шақпаса да, ызыңдап,
Айтқан сөзі тəнімді ауыртады тызылдап.
Төбе шашын үрпитіп, бірі отырса ырылдап,
Безек қағар біреуі шегірткедей шырылдап.
Бірі кетіп барады көрінгенге жалбақтап,
Бірі қанат қағады көбелектей далбақтап.
Ет-жүрегі езіліп, шырылдаған торғайды
Кімдер бүгін тыңдайды, кімдер оны қорғайды?!
Содан жүйкем жұқарып, шыққан терім тамшылар,
Бірақ, жыртық үйдің де бір Құдайы бар шығар.
Өтпеді деп сөзім бір абыржимын, беу, неге?!
Көктем шығар қызыл гүл күйіп кеткен жерге де.
Ойлайтұғын ел қамын шығады өсіп саналы ер,
Тірек болса болғаны қасиетті қара жер..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу