Өлеңдер ✍️
Бір ғасырды аяқтадық құнжың қып...
Бір ғасырды аяқтадық құнжың қып,
Сан жылдардың қатпарында бір жүрдік.
Ескі жүкті өрге сүйреп жүргенде,
Байқамаппыз кеп қалғанын мыңжылдық.
Үш тоғыздық айналғанда үш нөлге,
Болып-толып, асып-тасып күш менде,
Саңылаудан сəуле түсіп санама,
Жиі отырам жыр жазатын үстелге.
Құлдыққа да елдің еті үйренген,
Жүре берер сол баяғы күйбеңмен.
Қайрат жоқта жүрегіңнен не пайда,
Туған елді өліп-өшіп сүйгенмен.
Ел тынышта халық неге жасиды,
Əділетке жаның күнде ашиды.
Оразада ұмытып та кетіппін
Қазы-қарта пісіп жатқан ас үйді.
Болған шығар жақсылық пен жаманат,
Кеткен кетті, өткен күнге салауат.
Кедейлердің таусылмаса арманы,
Байларда да болмайды екен қанағат.
Біреулердің сырты тəуір, жаны кір,
Жүздерінен көрінбейді əлі нұр.
Бай баласы байға ұқсайды деуші еді,
Құл баласы құлға ұқсайды, бəрібір.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter