Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.06.2022
146
АЙҚАЙ МЕН СЫБЫР
Естідім мен қиқулаған айқайды,
Ести-ести көңілім де ортайды.
Сол айқайдан шошығаннан ойбайлап,
Сескенгеннің бойынан да əл тайды.
Айқайлауға керек емес көп ақыл,
Оның демі Исрафилдай сұрапыл.
Біліп алмай мəселенің мəн-жайын,
Айқайға сен айқай қоспай, тұра тұр!
Естідім мен талай-талай сыбырды,
Үй сыртында күңкілдеген күбірді.
Сыбырды да тыңдайтындар аз емес,
Есіме алдым қиқым мен жүн-жыбырды.
Қалықтаса арман-ойы жоғары,
Адам көңілі кейде тасып-толады.
Өсекшілер ұнатады сыбырды,
Сыбырдың да ақиқаты болады.
Қақпақ қойсаң ауызыңа екі елі,
Көкейдегі ой елге қалай жетеді?
Айқай кейде сыбыр болып естіліп,
Кейде сыбыр айқайға ұқсап кетеді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter