Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  105


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Хабаршы

1
Жаңалық!
Жаңалық деп аттан салып,
жаңаны жұрт со күндер қатты аңсады...
Қара жел, ақ қар жайлы Блок толғап,
туа алмай «Он екінің» жатқан шағы.
Қара жел.
қараңғы түн,
қараңғы адам –
шақ еді шапақ әлі таралмаған.
Қараңғы көшелерде көлеңке еріп,
етектер қара желге далаң-далаң.
Тек қана Смольный жаққан шамын
Күпінген көкіректер... мақтаншақ үн.
Жалғыз сөз бар ауыздан бір кезде ытып,
бір оқты «Аврора» атқан шағы.
Дүние күтті, бір сәт, тынып қалды,
тұрғандай есіне алып ұмытқанды.
Солқ етті «Аврора»,
жанды бір шоқ –
қара түн бір жарқ етіп қалды,
алды да тітіркентіп суық талды,
қара жел қара бұлтын қуып салды.
Дүние, тамшыдай тұн,
сәл шыдай тұр,
хабаршың келе жатыр... жуық қалды.
Қарбалас, әрлі-берлі жүгіріс, нақ
жүргендей әлдекімді ұрып, ұстап.
Сол бір түн ұзақ болды деседі жұрт,
ақынның, керісінше, жыры қысқа.
Күзетші, қайтатын күн бүгін есең,
қарашы қараңғыға үңіле сен.
Мың лақап таратуға дайын әлем,
бір хабар күтіп отыр ұлы көсем.
2
Жазар ем тоқ етерін қыздырып мен,
ал, оған асықпаймын: үздігіп бол.
Алғашқы хабаршысы ед үкіметтің, –
қиын-ау ол түгілі қызды күткен.
Смольный. Күту, күту, күту әлгі...
тырнағын тінтіп біреу шұқыланды.
Жеңіне бір әйелдің басы құлап,
желкесінде орамал-шыты қалды.
Топылған гу-гу етіп халық бірақ,
естімейді ештеңені анық құлақ.
Қадалған көше жаққа көз байғұстар
маңдайдан кететіндей талып құлап.
Әнеки, көлең етіп өтті біреу, –
жөн шығар көздің мұны өткірі деу.
Желкеде еріген қар табанға өтіп,
арса боп азып-тозып жетті біреу.
Ду етті халық кенет,
шегінді де
түйдек боп көше жақтан төгілді кеп.
Жаңағы суреттеуім – жаңсақ екен,
мына алаң одан гөрі көңілдірек:
қара емес, желдің өзі қызыл күрең,
қара емес, түннің өзі қызыл күрең;
сұр емес еріндері тоңғандардың,
бір елес өрілді енді қызыл күрең.
Жүзінен алабұртқан танып бірден –
Хабаршы, хабаршы! деп алып кірді ол.
Не хабар екен өзі?
Бірақ ешкім
болмады топтан оны анық білген.
Сол топтың,
Қызыл топтың екпіні ұрып,
әлгі адам Ленинге кетті кіріп.
Ең ұлы хабарлардың әлемдегі
ең ұлы адамға кеп жетті бірі.
Алдайтын мезгіл емес жасты мансап,
құм құсап шөліркеген тасқын аңсап.
Басқасын қоя тұршы,
сол адамды
Ильичтің өзі сонда тосты қанша!
Революция!
Дауылдың екпіні өзі,
Революция!
Аялдар жоқ мінезі.
«Рақмет, жолдас!» – депті Ленин
сол сәт
дүниені осы екі сөз кетті кезіп.
Бақыттың жетіпті өстіп шабарманы,
(дәл ондай шабарманның жоқ арманы)
«Алынды Қысқы сарай!» –
Осыны Ильич
Советтер Съезіне хабарлады.
Бір туды тікті уақыт мәңгілік қып,
сол туды әлі адамзат ән ғылып тұр.
«Алақай!»
«Ура!» – деген дауыстарға
бес құрлық орман, тауы жаңғырып тұр.
Үш қабат Смольный қақты күлім,
тасыды шаттық үні, –
аптық үні.
Оқ тиген жапалақтай жалп-жалп қақты
бөріктер лақтырылып, лақтырылып.
Тосын күй шалынды адам құлағына –
бөріктер, атыл, атыл; құла, құла!
Ішінде көп бөріктің бар-ды сонда
қазақтың баулы түлкі тұмағы да.
Қызыл ту!
Қызыл болды неге түсі –
емеспін оны ұқпайтын көне кісі.
Сол түннен туды дейді жұрт кей кезде
Александр Блоктың «Он екісі...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу