Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  122


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Қайырым немесе батырдың оралуы

Трояны талқан еткен көп батырдың батыры
Қаңғып!
Қырып!
Көп олжасын тығып тастап, ақыры
Жетті еліне;
Кеткеніне
Ұшты-күйлі жиырма жыл дегенде.
Бірақ оны танимын деп ол елден
Жан шықпады;
Шалшықтағы
бақа құсап ауыздарын ашқан ел
ісі жоқ-ты көл-батпағы – шаруасынан басқамен.
Құдайлардың құдіреті байырғы
Түрден ерді айырды:
Қайыршыны кім танысын! Тіршілікте далбаса
«Әй, бейшара-ай» дегендері болмаса.
Күні бойы көше кезіп,
ымыртта
Сасқан батыр сусын іздеп бір ұрттам –
Соңғы жылдар даңқы шығып батырдың,
Соған бола көңілдері суысқан
бар еді бір туысқан,
Қақпасына келіп соның атын атап шақырды.
Күңі шығып күңк етті:
– Әкім кісі бұл текті,–
Қайыршылар кіретұғын үй емес,
аулағырақ жүргенің жөн деп қойды,–
Алып шыққан нанын өзі жеп қойды.
Аполлонның өзі сын-ды әдемі
бұ қалада жалғыз досы бар еді,
Оны да іздеп тауып со бір ымыртта
Су сұрады бір ұрттам.
Қайыршыда дос бола ма?
Танымады ол-дағы,–
(Сақал-шашқа қонып қапты кәрі қыс)
Кімге керек қайыршының қалай ыза болғаны!
Көкірегі аңсады бір жарылыс.
Үй иесі су ұсынып, ақыл айтты мұңданып:
– Жүгенсіздеу болушы еді құлдарым,
Сабап тастар, аулағырақ барып іш!
Байлықтан бұл есі ауысқан қала еді,
сол байлықтың әлегі:
жұрт көңілін тарылтты да, ақыры
танымады ел батырын,
Сыйламады қайыршысын, жақынын,
Итін қосып қуалады әлдекім,
Әлдебіреу ерк е ұлына тептірді.
Ал, біреулер қақпалардан сығалап:
«Қайыршы әлі құрымапты-ау» деп тұрды...
Жетті өзінің үйіне әрең ертесіне сәскеде.
О, Құдайлар қорлағаның аз ба әлі!
Өз әйелі:
– Аулақ,– деді, – мас неме!
Өз баласы ұрып тастай жаздады.
Осылайша сынап алып бәр-бәрін
батыр үнсіз зарлады:
«Мені шын-ақ танымаса енді ешкім
бұл елге енді жолшы боп та келмеспін!
Мені ұмытпай неғылады,
ептеген
Қайырымның өзін ұмыт еткен ел?!
Ертең бәрін бас алаңға шығарып
Қырайын да қына ғып,
Жөнелейін топырағымды арзан қанмен суарып.
Бұл елде енді үміт етер жоқ ешкім,
Өзге түгіл, бұ халді
Өзіме де кешіре алар емеспін:
Намысы деп осы елдің
талай отқа іздеп жүріп көселдім,
Келдім екен мұндай елдің несіне?!» –
деп тұрды да ер,
иті түсіп есіне
үйшігіне іздеп келді баяғы,
арқасында – дорба, қолда – таяғы.
Кәріліктен жүрелепті ит байғұс.
Тұмсығына қонып алып құйттай құс
секеңдейді – басына ма, қайтеді?
Ал, ит байғұс тірілігін жасыра ма, қайтеді –
пақыр болып жатыр көніп.
– Аргус – деді батыр келіп.
О, ғаламат, ғаламат:
Құйрығын сәл қозғады иті көзден жасы домалап,
Қыңсылаған сықылды бір үн шықты,
Сол үнге өзі тұншықты;
бір дір етіп кетті үзіліп – болды өлік…
Талай жылдар азап тартып, жол көріп
Жеткен жігіт, кенет, көзге берді ерік –
Солқылдады ол иттің басын өңгеріп!
Ер толғанды жаны жібіп кенеттен:
«бұ халыққа өкпе артамын не деп мен?
Жиырма жылдан кейін келіп танымадың деп мені
Туған жердің жұрты жайлы жаңсақ ойға кеткенім
Өзімнің де ұмытқаным шығар сауап, обалды?!
Патша құсап аттанып ем,
қайыршы боп оралдым –
танымаса – танымауы жөн шығар?
Көрінбеді бірақ менен басқа ешкім,–
Қайда басқа қайыршылар, жолшылар?!
Қайыршысы,
Кемтары жоқ түспейді екен Ел еске,–
Мұның бәрі осы елде
Қайырымның құруынан емес пе?!»
Ойлап-ойлап Ел пиғылын не түрлі
Кешіруге бекінді:
достарының сараңдығын кешірді,
Құлдарының арамдығын кешірді,
ағыл-тегіл сөзбен көңліне ұнаған
бәрін өзі аршып алды кінәдан,
бірақ мұнша көп адамның ішінде
жолаушыға жөн айтпағаны үшін де
Жоқ ұялған бір адам!
Халық мәз боп оралды деп батыр ұл:
Көк аспаннан тігіп тойдың шатырын,
Көк даланы дастарқан ғып жаяды...
Сонда бір қарт сілтеп тастап таяғын:
– Сақтан, жұртым,– деді кенет саңқылдап,–
Сен де сақтан, салулы жай, салқын бақ!
Жақсылыққа апармайды бұ қылық –
Қайыршының да аяғына жығылып,
Күтпеген ел пақырын
ел болмайды ақыры!
Өз ұлыңды танымасаң майға бөгіп жатып-ақ,
Сен де ұзамай күл боларсың, топырақ!
Өз әкеңді танымасаң сен бүгін,
Жетімдігің жақын екен енді, ұлым.
Өз еріңді күтпесең сен алыс жолдан оралар
Жесірлігің жақын екен, аналар!
Итке құйып бітсең егер ұйтқыңды
ел боларсың ырысың жоқ ит құрлы,
Халқым, саған ырысты ит те жоқ енді! –
деп қария өз жөніне жөнелді.
Бұл сөздерге ойланбады ешкім де,
«Жат сөз айтты жақсылықтың үстінде»
деп шуласып түре келген ел дүрлігіп.
– Іздемеңдер, Зевс!— деді үрейленген бір жігіт.
Ертеңіне апат алды қаланы –
Өрт пен дауыл құтырып кеп қалады.
Қайырымы жоқ —
Жоқ қаланы қамалы
Жапыра кеп жарақты жау шабады.
Күйіп кетті орманды алқап, түкті бел,
бір-ақ толқып құмға сіңіп бітті көл;
он екіден жасы асқандар түп-түгел
қырғын тапты.
Ал, батыр ше?
Бұйырды оған тез өлім:
қайыршы боп алдағаны үшін де
өз топырағын, өз елін,
Қылышымен талай елді өшіргені үшін де,
Қайырымсызды кешіргені үшін де
Кетті алғашқы өлгендердің ішінде:
Өрт пен оқтар оны да тез жалмаған.
Он екіге жастары әлі толмағаы
Сәбилер мен Аргустың тек өлімтігі қалды аман.
Ескі әңгіме.
Есте жүрген сөз еді,
Соның бүгін келді білем кезегі.
Есік қақса – ескілік деп қарайтын
Қарау байды – қалпағынан сеземін.
...Ағайындар, бұзылмасын бір кешің,
Рас, рас, бұзық қонақ кірмесін.
Бірақ есікке алаңдай жат,
Қағылса –
Кеш оралған өз ұлың боп жүрмесін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу