Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  156


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ШӨП-МАХАББАТ

Ағайын мәз,
ата-ана мәз – мәз бәрі:
той қамының үстінде сол жаздағы
күллі ағайын ығып кете жаздады;
шыбын-жандар шығып кете жаздады.
Фотоаппарат көзі алдында тұрды қыз,
гүл құшақтап тұрды жігіт дұрыстап.
Сүйеміз деп бірімізді-біріміз
ант берісті бірі-біріне гүл ұстап.
Кит-ситі бар:
жібек, мауыт, шыпыр-шыт –
екі жақ та тықыршып жүр, тықыршып.
Жақсы, десті ел, жырғаған да, ырғаған,
екі бала болды десті бір балаң!
Шыдау керек көп шөлмектің күшіне
Нағыз сылтау табылды ғой ішуге:
ішіп жүрді ел, өңі түгіл, түсінде
екі жастың махаббаты үшін деп.
Кейін бірақ...
елдің сөзі болса анық,
жастар жараса алмағаны оншалық.
Махаббаттар айналды ұрыс-соғысқа...
– Айтқан уәде, берілген ант шөп ұстап
қайдан берік болсын, деді томсарып.
Қыз жағынан сексен асқан бір ана,
ұл жағынан қостады оны бір ана:
– гүл де шөп қой, шөпте кие тұра ма.
Бір ағайын иек көтерді алысқа:
– Енді ың-шыңсыз бұларды
айырылыстырар таныс тап!
Анты гүлдің ғұмырындай заманның жігіті мен
қызы әне,
солды, бітті деді біреу ызалы –
бүйтпес еді серттессе егер нан ұстап.
Жалғыз күйген жанын қарғар деп еді.
Гүлді кінәлаудың қанша керегі –
қариялар, әрине, айта береді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу