Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  327


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

БИ, МУЗЫКА ЖӘНЕ ЖАСАНДЫЛЫҚ ЖАЙЫНДАҒЫ ШЫНАЙЫ ОДА

Сахнада сәуле ойнайды сан қилы,
сәуле құсап құбылады күй де әсем.
Үкі таққан үр қыздары билесе –
иіс су мен бояу исі аңқиды.
Сөз қоздаттық әсем қыздар жайлы ылғи.
Кім біледі, есер етер қаншалық:
дәл осылай билер еді жан салып
маймылдармен билесе егер маймыл би.
О-һоу, қайтед, жезден туған күй-бетбақ!
Күл, барабан,
мыс табақтар, пышылда.
Бар ақылы – башайының ұшында,
барқыт-сұрқай бұрымдылар, билеп бақ.
Көйлектер тек ақ-сары екен,
ат уыстап
бос ауаны ат алысқа,
жел тірсек –
жібек етек қабат-қабат желпіншек:
қыз ба осылар?
Жоқ, қыз емес – капуста
түйнек-түйнек боп отыра қалғанда.
Домбыра үнін жез-табаққа салғанда,
желпіншекті көйлек те
жарасудан қалған ба
бұл жалғанда?
Құбылтады бет-жүздерді сәуле ойнап...
болсам әттең сен секілді сәл бойдақ –
әттең, әттең...
Бұрым еткен шашы әлгі
шаштан гөрі селеуге ұқсас жел өпкен.
Желкем-қимыл,
желпіншектер,
желектер
қағаз гүлдің сыбдырындай жасанды.
– Сыбдырай ма қағаз гүл?
– Әйтеуір бір дыбыс берер жел ессе,
Соның өзі жасандылық емес пе –
жасандылық атаулының бәрі азғын,
бәр-бәрі арзан;
әрі надан, әрі арам
қылықтардың бәрі содан тараған,
ұғымдардың бәрі содан тараған.
Білдірсе егер біреу артист екенін
артист емес деуге сол-ақ жетеді.
Жаса, жаса, қауыз жарған жаңа дән,
оттан жаңа суырылған таба-нан!
Дәннің дәмі,
нанның ғажап исі бар –
жаңаның да, даланың да өз исі бар.
Кім біледі дәмнің өзі күй шығар,
иіс те бір күй шығар;
кім біледі, табиғаттың өз даусы
шығар бәлкім жасан-ды-лық-тың өзін
тірілтуші, қозғаушы?
Алатаудың басына бұлт келтіріп,
жаңбыр жаусын, деп жүріп біз, жел тұрып,
қу бұтақты тірілтеміз деп жүріп,
жас тамырды алмадық па өлтіріп?
Жалмауыздың сұлуындай жасанды.
балауыздың жылуындай жасанды,
бір жасасын дауысы жоқ әншілер –
микрофондар, бас әнге!
Көптен есті-ген жоқ едім табиғаттың өз үнін,–
кім біледі, жасанды боп кеттің бе.
сен де, менің шыншыл-өткір сезімім?!
Сахнада сәуле ойнайды сан қилы,–
құбылады, құйқылжиды күй де сол.
Үкі таққан балауыз қыз билесе,
қағаз-гүлдің сыр иісі аңқиды.
Сары табақша бажылдаса – тың ырғақ:
жездің даусы естіледі шыңылдап.
Тасқа-дағы шыңыл дарып,
тұла-бойы шымырлап –
табан асты тебіренгенін аңғардым.
Көздерімен қызыл-жасыл шамдардың
зал да күлген секілденед жымыңдап.
Қаңылтыр, жез шағылысқан ың-жың үн,
қайдан тапқан үннің мұнша мылжыңын?
Мына биде – жоқ еркіндік, ерке түк,
желпіншектер желп-желп етіп, желп етіп,
кейде әп-әсем дөңгелене қалады...
Біз де, міне, жігітке аға боп қалдық
уақыттың обалы не, обалы!
Қара тасты қашап салдық қасарып –
қасарысып ағып жатыр Бас арық.
Қолдан жасап аңыздың да бастауын,
қондырдық біз өзендерге тосқауыл,
теңіздердің өзін қолдан жасадық.
Ақ мәрмәрдің өзін қолдан түлеттік,
түлету сол – кеудесіне гүл ектік.
Еменді езіп-еріттік біз шырынын,
көк болатқа мотор салдық жүрек қып.
Әр күн сайын жаңа идея, жаңа аңыз,
біз жансақ, тек идеямен жанамыз!
Ашымайды-ірімейді,
қараңыз:
сүттің өзін қолдан жасап аламыз,
бірақ ақ сүт – ана сүті бір басқа...
өнер де сол;
өнер жайы басқарақ:
күйге – құлақ,
суретке – көз ашқарақ.
Ақыл-білім өскенімен қаншалық
көргеміз жоқ өлілерге жан салып.
Музыка мен бидің де біз сондықтан
тірілерді тебірентуін аңсадық.
Ал жез-табақ.
Қарсы емеспін мен бұған.
Тірі адамға біткен тірі жүрекпен,
шабыт тауып келем әлі түлеп мен –
жаса менің ешкі ішекті домбырам!
Әр ұрпақтын бар шығар өз көктемі.
өз тағдыры солай болса – сөкпе оны.
Маймылдардың қылығындай күлкілі
билері бар,
көйлек киген-і болмаса қазақша
белгісі жоқ, бикештер,
балауыз-қыз, саған да өкпем жоқ менің;
жаса, жаса қойшы қыз,
тым құрыса, кірпігі – өз кірпігі...
Қандай жақсы жаңбыры өткен қыр түрі,
қандай әсем жапырақтың жыртығы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу