Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  151


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

СВЕТОФОР

Жылу, сен тым күштісің,
Жарық, сен де күштісің!
Күштілігің сендердің
танысам мен бояудың
жеті түсін, үш түсін:
қызыл бояу – Күннің қызыл күлкісі,
сары бояу – күзгі жапырақ – мұң түсі,
күзгі желмен кетеді ол да жұлқысып...
Әлем – мәңгі жастығының жалғасы –
жасыл бояу – бояу басы, жол басы,
дүниенің өз түсі сол – көкжасыл.
Көкжасыл боп көрінеді тас-көше
көз алдыңнан көкжасыл шам жанғасын.
...Ала таяқ кесті алдымды көшеде,
жетті біреу ысқырығы ызылдап:
– Нең бар, деді ол, қарсы жүріп қызылға,
кезі келсе – кесіп тастай беретін
ғұмырың не, ұзын ба?
– Адам жүрсін,
құстар қақсын қанатын,
әдет – ортақ:
алдымен
Күнге қарап алатын.
Қызыл шығар Қызыл Күннің даңқы да
аттап кетсем көше-тәртіп, салтынан,
Мен де жапырақ секілдімін,
тірліктің
жылуы мен жарығына талпынам!
– Көше заңын білмейсіз-ау, сірә, сіз:
қызыл шамға қарсы өтіп,
қызыл сөзді – қыңыр жолға бұрасыз.
Талай көше келеді әлі алдан да,
мына қала –
қапылысқан жалғанда,
бір жолғыңды кешірейін,
ал, қамдан:
өт осылай көкжасыл шам жанғанда.
Көктемнің де,
көшенің де мән-сәнін
ескермей-ақ, еркін жүруді аңсадым.
Сол үшін де төледім мен қанша айып,
бұ қалада тұрғаныма қанша жыл!
іліп қойған портреттей шынылап,
бір жымиған болдым мен де жылырақ.
Кекей күлдім тек әлгіге қайрылып,
Әрине, ұзап, арғы бетке шығып ап.
Алуан-алуан шамдар жанды,
шам да алуан,
жаным менің алуан оймен толғанды, ал,
өлем деген қауіп жақсы өлгеннен,
болам деген үміт жақсы болғаннан!
Дүние жасыл болғанымен,
қыз-үміт
қызыл болып күлетіндей сызылып.
Көзім – көк шам іздегенмен қарсы алдан,
көңлім – қызыл шамға тұрад қызығып.
Машинаның сәл сиреуін бағып ем –
тәртіп бұзған кісі болдым тағы мен.
Квитан-ци-ясын тосып күрсініп,
ала таяқ тағы біреу тұр шығып.
Тәртіп бұзу емес еді мұратым –
тағдыр шығар бұ да бір?!
Шамдардың да бояу сын-ды, түсі көп,
адамдардың ниеті көп,
беті көп:
бір бет – қызыл,
енді бірі – кішірек;
бірі – бәсең,
тағы бірі көкірек
адам!
Адам, ұғымыңмен күштісің,
шамдар, сендер жылуыңмен күштісің.
Жылу, сенің құдіретіңмен қанға өткен
мен – шамдардың таныр болдым үш түсін.
Сары шам тұр: дайындал деп, дайындал,
өту үшін күдік-күмән, уайымнан.
Өт, өт, достым, алдың жарық жап-жасыл,
мен жүрем тек өзім шамым жанғасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу