Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  131


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Түн тынысы

Қызарып барып батты күн,
Жинап ап мұң мен шаттығын.
Махаббат жатыр манаурап,
Кірпікке іліп ақ түнін.
Жеткізіп жырын желменен,
Жапырақ жанын тербеген.
Қара көк түннің қойынын
Тыныштық сыры кернеген.
Бетеге барқыт-пүліштей,
Төгілген сәуле күріштей.
Малынған нұрға жапырақ
Бұтаққа ілген күмістей.
Керімсал дала керіліп,
Мұнарға жатыр көміліп.
Ақ селеу баяу толқиды,
Самалға шашы өріліп.
Түннің бар тылсым тынысы,
Салтанат сырты, нұр іші.
Күндізгі күйкі тірліктің
Жазылар кұрыс-тырысы…
Көрпесі түннің сөгіліп,
Шығыстан қылау көрініп,
Тіршілік тұрып келеді,
Жанардан сәуле төгіліп.
Көрпесін қымтап тұйықтап,
Сезімім кетті ұйықтап…
«Барады өтіп күнің», - деп,
Мазалар уақыт иықтап.
Келерсің кешке кешікпей,
Қалмаспын үнді есітпей?!
Жете алмай, мүмкін, қалуы,
Тіршілік төр мен есіктей…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу