Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  197


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Шырайланған шалқар шабыт шарқ ұрып....

Шырайланған шалқар шабыт шарқ ұрып,
Күміс сәуле кірпігінен жалқы үміт
Ағып түсті,
Айдың беті бүлк етті,
Сағынышы сарқылып.
Шабақ ілмей, шулап шерлі шағала,
Қанат талып, қонақтайды жағаға.
Майда құмның мәйегіне малынып,
Нұр ойнайды сары ала.
Сүт сәулені сезіміме сіңіріп,
Таң асырған талант тері үгіліп,
Жүрегімнің жібек жібін ширатып,
Қызыл ерін,
Қыз бейнелі гүл-үміт.
Баданадай тамшылардан шат құлап,
Шаранада шолпылдайды шапқылап...
Баяғыдай таза, тұма қалпында
Атқылайды ақ бұлақ.
Мен – атамын,
Асқан асу белестен,
Сені іздедім айдарынан жел ескен...
Жусан дәмін жұмырыма жұқтырып,
Көрдім,
Көндім... сағымданған елес пе ең?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу