Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  128


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ғажап

Ғажап!
Ғажап...
Қандай азап
Қол созым жерді сағыну,
Мұнарлы мұңға малыну.
Жағада қалған жастыққа
Жалыну һәм шағыну.
Қара жол тұйықталғанда
Қаралы жабу жамылу,
Қарашығым қанталап,
Қара қайғы арқалап,
Қара күздей қабыну
Һәм қағыну...
Талайына тағдырдың
Табыну және бағыну
Осы шығар түндіктің
Түтініне сарылу,
Тұсамыссыз тірліктің
Шідеріне шалыну?!.
Ғажап,
Ғажап...
Қандай азап
Қасындағыны армандау,
Жүректің жібі жалғанбау?!.
Аруақтардың рухындай,
Жастығымның жұртындай
Ауыл жылап қалған ба-ау?!.
Тірлігімнің алды осал, арты күш...
Сағынышты сарқып іш,
Бәрібір, мынау жағанға
Мүмкін емес алданбау?!.
Ұстап тірлік тұтқасын,
Ұтылып һәм ұтқасын,
Адыра қалсын қалған дау,
Мүмкін емес жалданбау
Һәм алданбау!..
Ғажап,
Ғажап...
Қандай азап, күйің-ді,
Үй орыны– үйінді,
Молалары бүйірлі...
Беліңді бекем бусаң мың,
Сағынған ауыл сүйінді...
Сығып алардай су шалғын,
Топырағы торғын түйірлі.
Тозғанша тамыр
тірлікте,
Өмірімнің артына
Қойылғанша бір нүкте,
Мұздадым...
Қайта бусандым...
Сезімге шөлдеп сусармын,
Иісін аңсап жусанның?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу