Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  125


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Күлейін десем...

Күлейін десем,
Күле алмай ыржиямын,
Тауқыметтің тартқандай мың зиянын;
Тозған тулақ-тірліктің арасында
топыраққа айналған зым-зыямын.
Бақыттан да,
Сордан да адамын мен,
Сырласамын қырдағы лала гүлмен.
Анасының ақ сүтін талмайтұғын
шаранасы кеппеген баламын мен.
Баламын мен
бақытын іздемеген,
Таза көңіл маржанын тізбелеген.
Шұбатылған шылбыры адалдықтың
үмітіңді үкілі үзбе менен.
Үзбе менен көнтері күдеріңді,
Кеудеме кеп,
Білемін түнеріңді.
Жамырайды жалғанның жансыздары,
Жыларымды білмеймін,
күлерімді.
Ыржиямын,
ырықсыз ызалымын,
Құрбанымын қиянат тұзағының.
Көлеңкесі қысқарған Көкбөрідей
Жаңғырығар жапанда ұзақ үнім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу