Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  94


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Райы Өскеменнің

Райы Өскеменнің
Құбылмалы,
Сары аяз,
ақ боранмен алмасады.
Оранып шүберекке шыбын жаны,
Адамы
жалғанына жалғасады.
Қуаты
кемігендей құзырдағы,
Кеудесі
кеміріліп күтірлейді.
Құйылып
Қызыл бұлттан «қызыл қары»,
Төбесі
тұмағының түтіндейді.
Қабағын ашып
кей күн керіледі,
Өскемен
арылғандай аза-мұңнан!?
Мұржадан
ақ шулан бұлт өріледі,
«Намазын»
Бірер сәттік қаза қылған.
Тығылып
сай-салаға тұман маңып,
Қылшығы
қампиады Көк Бөрідей.
Қалбаның
Қойын-қоншы мұнарланып,
Өткізбес
Өзегінен өткелінің.
Бірде қар,
Бірде боран, Өскеменім,
«Жұпарың»
Жыбырлайды жұтқыншақта!..
Тілеймін
Шырағыңның өшпегенін,
Тірегім болып едің
«тұтқын» шақта...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу