Поэмалар ✍️
БІР ТҰЛЫП АЛТЫН
1
Айтайын бір хикаят тыңда, жұртым,
Ескерсең есте қалар мыңда бір күн.
Май құйып «таптық күрес» ошағына,
Бір өсек бас көтерді қырда дүркін.
– Хат жазып пəленше екең Тарымдағы,
(Сонікі фермадағы малдың бəрі).
Алтайға қайтсам депті, – масқара,
Деп жүрсек қурап болған аруағы.
– Біз одан болғанменен азар-безер,
Болса да мың күн қырғын ажалды өлер.
Дəм тартса келуі де ғажап емес,
Түгетсе кесімді жыл, жазаны егер...
Тон пішіп əркім өзі білгенімен,
Бір тиек тауып алды тілге күрең.
Дегенмен жерді аңсаған қарт тұтқынға,
Жатырқап тарылтпайды іргені кең.
Өйткені ол адамды білетіндер,
Ұрланып зауфанпайдан бірер түндер.
Істейтін жақсылығын ұрпағына,
Оншалық кісі емес, – деп, – тірі етін жер.
Кезінде кедей одан тоят алып,
Аты қап азан да айтқан, «бай» атанып.
Алтайдың тұнық ауа, мөлдір суы,
Оны да жетілдірген ноян шал ғып.
Сол байды өлараның бір бораны,
Ұшырып жерге апарған құм қамалды.
Өзгерту майданына барғалы да,
Өтіпті жиырма шақты жыл бараны.
Ал, бүгін хат келіпті қариядан,
Дал болды көне көздер дария жан:
– Қайтсын-ай, ел мен жұртын сағынған ғой,
Жетпек боп шықпай тұрып жан ұядан.
Ей, адамдар, жол тауып жүрегіңнен,
Терістікке, түстікке жүремін мен.
Кейбіріңмен келіспей кетсем-дағы,
Дос боп өтіп келемін біреуіңмен.
Осының ғой ақжолтай ақынға жыр,
Жұқпаса екен адамдық атыңа кір.
Тоқсандағы тобықтай қарт тұтқынның
Елеңдеткен ендеше хатына үңіл.
2
Сəлем, Алтай еліме,
Ата қоныс жеріме.
Тосып кеудемді өсіп ем,
Қоңыр ала желіңе.
Сақалдан жас сорғалап,
Зар болдым ғой көруге.
Айналайын, қарағым,
Шығарушы ең төріңе.
Ақ батамды беруші ем,
Сəлем еткен келінге.
Ақсарбасымды атаушы ем,
Ел бастаған еріңе.
Елдің қамын жейтұғын,
Болып өстім Едіге.
Атбегің боп сынаушы ем,
Жүйрігіңді кежімде.
Құсбегің боп шығушы ем,
Алтай, Сауыр беліне.
Аққуыңа қараушы ем,
Бота көзді көліңе.
Домбыра ұстап, əн қосқан,
Ілестім сал-серіңе.
Айналайын, халқым-ау,
Алшаңдауым тегін бе?
Кезім ғой ол құлындай,
Байланбаған желіге.
Қырына алып замана,
Өзгертті бүгін мені де.
Қисық ағаш жатпайды,
Тез басында тегінге.
Ұзақ жылдық тəрбие,
Ие етті сенімге.
Кіндік кесіп, кір жуған,
Сүйегім қалсын жерімде.
Дедім-дағы хат жаздым,
Сұраған жандар бəріңе.
Бар-ды менің үш ұлым,
Ел-жұртым оны көрдің бе?
Ұшатын қос қанатым,
Қонатұғын құйрығым.
Киілмеген манатым,
Құлан жалды жүйрігім.
Амансыңдар ма, үш ұлым?
Шығар тұрғым, биігім.
Жиырма жылдай хабарсыз,
Кеттіңдер ғой, құлыным.
Сендерді ойлап сағынып,
Түсіп кетті иығым.
Күтуде əкең Тарымда,
Бір алланың бұйрығын.
Жабылған пəле-жаланың,
Үзгенім қашан құйрығын.
Ел-жұртты ойлап сонда да,
Шықпады бір бүйірім.
Жүрген шығар немерем,
Даланың қуып киігін.
Жүрген шығар шөберем,
Желкілдетіп тұлымын.
Дұғай сəлем соларға,
Мың жасайтын ұрығым.
Қартайыпты атам деп,
Салар ма көздің қиығын.
Айналайын үш ұлым,
Басымнан өтті қиын күн.
Жас жетіп болды өлер шақ,
Жұқарды жүйке-жұлыным.
Кебенек киіп кетіп ем,
Кебінім үйден бұйырғын. –
Деп тілейтін күніне,
Алланың бір құлымын.
Жұмысшымын майданда,
Айлық табар сыйлығым.
Ұйым айтты: «қайтарсың,
Келер болса бір ұлың.
Мекеніңе барсаң да,
Қузалмайды бұрынғың».
Келіңдер, қарғам, келіңдер,
Алтайға жетсін шыбыным.
Бір жұтып қана өлейін,
Ертісімнің тұнығын.
Бір тасы маған бұйырсын,
Ақиық ұшқан тұғырдың.
Бір төбеде жатайын,
Жылқының естіп дүбірін.
3
Жүрек те жер тектес-ау, қабаты кең,
Қайғы мен қуаныштан алатын дем.
Ғасырға он жасы кем қариядан,
Хат келді сағыныштың қанатымен.
Хат келді арман мұңын арқалаған,
Қарт көңіл «Ағажайлап» қайталады əн.
Ақ боз ат кісінеді бейуақта,
Ұлыды қасқыр тағдыр айдаладан.
Хат келді сексеуілдің ұшқынындай,
Не деген құдіреті күшті құдай.
Бұл шалды жұта алмапты айдаһар құм,
Тарымның миды ұратын ыстығы ұдай.
Мүмкін, ол болса, əлжуаз өлер де еді,
Қашан да үмітсіздің сөнер лебі.
Шал екең атақты бай кезінде де,
Ағаштан түйін түйген өнерлі еді.
Ол кісі шешен де еді, шежіре еді,
Қазіргі тоқсан жастар не біледі?
Ол байқұс қына басып жұртта қалған,
Ғасырдың майы шыққан кемігі еді.
Хат келді үлкен екі ұл селт етпеді,
Бейне бір шал көргендей ертектегі.
Тарымда талықсыған əке зары,
Өзегін кенже ұлының өртеп кетті.
Кенжесі шаңырақтың иесі еді,
Бар еді əке жайлы бір есебі.
Ұшарға қанаты жоқ амал қанша,
«Фангымиң» қалпағы бар түбеселі.
Болған соң ел ішінде аты бар жан,
Оны да белсенділер тосып алдан:
«Топ құрап, жиын ашты» деген атпен,
Бақылау тобына əкеп қосып алған.
Жан пида деп, өзгерту майданы үшін,
Тарымда тоқты-торым жайған кісім.
Емешегін үзгенімен туған жер деп,
Мұндағы өзгерісті қайдан білсін.
Қыры-сыры көп екен беу жалғанның,
Жылан болып шағады кейде арманың.
Қайдан білсін қарт тұтқын Тарымдағы,
Екі ұлының өзіне жау болғанын.
Бір күлкілі іс болды шежяу жылы,
Естіген де, жайған да ел-ау мұны.
Таптық құрам айрылып жатқан мезгіл,
Бағу керек ондайда көз-аузыңды.
Таймасын деп маңдайдан елдің бағы,
Сыналар шақ ердің де, ездің-дағы.
Текетірес күн еді жағаласқан,
Кімнің досы белгісіз, кімнің жауы.
Атайсың деп нөмірмен жер-су атын,
Бай-манаптың атына нөл сызатын.
Бас жарылса байыздап бөрік ішінде,
Жең ішінде қайрылып қол сынатын.
Бай-кедей деп айырып ел дидарын,
Қайшылықпен басқару жер-жиһанын.
Бізге тиген бұ да бір ұшығы еді,
Көшірілген көрші елден жез бұйданың.
Əркім айтып өз тегін, өз құрамын,
Қатайтатын жиында сөз бұрауын.
Бірақ, бəрін саясат белгілейтін,
Орғытқанмен үстінен ор-жыраның.
Қарт тұтқынның екі ұлы алма-кезек,
Сөз жебесін Тарымға, шалға кезеп.
Тұңғышы айтты: қораның шетінде боп,
Оның рас, халқым-ау, талмады өзек.
Жасырмаймын тегімнің бай екенін,
Баласымын, бірақ, мен қай əкенің.
О жағы əлі белгісіз, мен шешемнің
Құрсағымен бір келген бала екенмін.
Бəлкім, құлдан болған бір нəсілмін бе?
«Əкем» жақсы көрмейтін əсілінде.
Суық бауыр боп өстім ата-анаға,
Тірлігім де, басқа боп кəсібім де.
Екінші ұлы тұрды да: Айтарым бар.
Менің таптық тегімді байқаңыздар.
Шынымды айтсам шатамын, əкем кедей,
Обалды етпей жөніме қайтарыңдар.
Халықта үн жоқ, беймаза тына қалды,
– Ақ сүті атсын ананың мыналарды.
– Аруақ атсын қарабет ұятсыздар,
Деп екі ана оңаша жылап алды.
Шыжияу кімнің көнеді дегеніне,
Тап айрылды саясат көлемінде.
Адамдарды тануға бұ-дағы орай,
Бала əкеден безінді деген күнде.
Хат жазғалы болса да екі жылдай,
Жауап келмей қарт жүрді екі ұдай.
Қалам деген Тарымда ойында жоқ,
Ондай күннің ары етсін бетін құдай.
Бір күні қарт қайтатын жолдасына:
Жылай-жылай сарқылды көз жасым да.
Үш ұлымның кезіксең біреуіне,
Əкең қалды дегейсің жар басында.
Ұл туғанға деуші еді күн туады,
Маңдайымда қалайша түн тұрады?
Мені ұлдарым ұмытып кетсе-дағы,
Ұмытпаған шығар-ау, жұртым əлі.
Ата мекенді от жаққан алаулатып,
Бір көруге зар болып барам батып.
Бұлағының суынан қауып ұрттап,
Өлсем деп ем, далама қарап жатып.
Болды өмірдің алды шат, арты мұңлы,
Соңғы ұрпаққа болармын қайтып үлгі.
Тым болмаса баяғы көміп кеткен,
Бере алмадым бір тұлып алтынымды.
Отыратын қоныстас ауыл кезі,
«Ферма құру» дейтін бір дауыл кезді.
Заман қалай болар деп сонда тыққам,
Жалғыз өскен қарағай маңында еді...
5
Жеткен заман хош хабар-тұлып алтын,
Көрген екі ұл əкеден мұны жақын.
Бір-бірінен ұрланып атқа қонды,
Бір ауданның кірімі құны, бəлкім.
Екі бейбақ анасын қаралаған,
Əкесінің жүрегін жаралаған.
Алтын үшін аянбай арпалысты,
Құзғындармен құлқындас жаралғаннан.
Тұлып алтын тұлымнан ұстатар ма?
Түсінде оны көреді қысқа таңда.
Бір жаз қазып түйір де таба алмады,
Қамқор əке Тарымнан нұсқаса да.
Таба алмады тұлыпты ала алмады,
Селге кетті секірген бар арманы.
Жер бесікте тербеліп жатқан шығар,
Маңдай тері біреудің алал малы.
Əкенің ол-дағы бір ақылы ма,
Алтын десем келер деп шақыруға.
Не болмаса етіңдер адал еңбек,
Деп өсиет айтпақ па ақырында.
Жата берсін тығылып тұлып алтын,
Зұлым да атын байласын, ұры да атын.
Келер ұрпақ айтатын аңыз қылып,
Бірер белгі қалған жөн қызығатын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter