Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  162


Автор: Еламан ҚАБДІЛƏШІМ

«СОҒЫС» ОЙЫНЫ

Жиналып топ бала қызық қып,
Шаң жұтып қуатын ала доп.
Əредік жасайтын бұзықтық,
Шала боп, еркелеп бала боп.
Білмеймін, кинодан көрді ме,
Бір күшті əлсізді жойғанды?!
Бос тамның ішіне келді де,
Бастады атысып ойнауды.
Екі жақ басшысын сайлады,
Қазақ пен фашист боп бөлініп.
Балалар «СОҒЫСты» ойнады,
Ғажайып қызыққа беріліп.
Автомат қолында бəрінің,
Бір бірін аямай атпақ кеп.
Қалпымен шын атыс заңының,
– «Сен өлдің!»
– «Ол өлді!»
– «Тах- тах», деп,
 Жақсылар жауымен алысты.
Мейрамын тойлады жеңістің.
Қызығын балалар тауысты,
өздері жасаған «СОҒЫСтың».
Зұлматтың зардабы қалардай,
Ардагер жадына қашалып.
Бір ата қарап тұр оларға,
еріксіз көзіне жас алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу