Өлеңдер ✍️
Бәрі де биік шыңдар
Қазақтың бас ақыны,
Ақжал жыр, асау тілді –
Мағжандай бол дедің бе.
Болмысқа бойсұнбайтын,
Бұла жыр, ойшыл ақын –
Қасымдай бол дедің бе.
Ғасырда бір туатын,
Сырбаз жыр, сыршыл ақын –
Сырбайдай бол дедің бе.
Мұңына жылар елі,
Бір өзі жыр əлемі –
Мұқағали бол дедің бе.
Өлеңі ауыр ойлы,
Сонымен абыройлы –
Жұмекен бол дедің бе.
Жыры наз, əні əсем,
Өтіпті болмай бəсең –
Ғафудай бол дедің бе.
Көрсе де қысқа ғұмыр,
Қалдырған нұсқалы жыр –
Төлеген бол дедің бе.
Өлеңі айшықты, алтын,
Тапқыш та, айтқыш ақын –
Қадырдай бол дедің бе.
Атқызған ару таңын,
Королі лириканың –
Тұманбай бол дедің бе.
Аңыз боп қыз ғұмыры,
Естілген жыр дүбірі –
Фариза бол дедің бе.
Өлеңі – ғұмырнама,
Өзегі өрт, білгір дана –
Мұхтардай бол дедің бе.
1 Марқұм балам Еркештің қолтаңбасын түсіріп ұсынған
кітаптарын қайталай парақтағанда.
Өлеңін ұйып тыңдар,
Біріндей бол дедің бе?
Бəрі де биік шыңдар,
Көнбейтін жол беруге.
Əкеңе өнеге кім?
Ойың бар топшылаған...
Кім болар, көрер едің,
Бірақ та...
Жоқсың, балам,
жоқсың, балам!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter