Өлеңдер ✍️
Жайлаудағы ой
Ақиығы Алтайдың,
Түлеген жері осы ма.
Арқалықтың жорықта,
Түнеген жері осы ма!
Көріп қанды сайысты,
Жүдеген жер осы ма.
Ағашымен шəһитті,
Сүйеген жер осы ма!
Шаңға көміп қастасты,
Келген шауып ғасырға.
Марғабылдың қасқасы,
Аунаған жер осы ма!
Ұлар шулап аулақта,
Ұлы таудың басында.
Орман сыңсып бейуақта,
Күйзелген жер осы ма.
Оғы тиіп садақтың
Арқар құлап тасында.
Күңіреніп шалаптың,
Күй шерткен жері осы ма!
Ботасы өліп бозінген,
Боздаған жер осы ма.
Жарлыларды бегімен
Қолдаған жер осы ма!
Ғашықтардан баяғы,
Сыр қалған жер осы ма?
Ақындардан аяулы,
Жыр қалған жер осы ма!
Бабаларым кекті өткен,
Бақыт тілеп басына.
Өзегіне өрт кеткен,
Сондағы жер осы ма.
Сүйіншінің таңы атып,
Қуанған жер осы ма.
Жаңа дүние жарасып,
Нұрланған жер осы ма.
Дабылымен дəуірдің,
Сілкінген жер осы ма.
Дүбіріне дамудың,
Сүйсінген жер осы ма!
Қаранор боп малы өрген,
Кіндікті жер осы ма.
Ақпа жұлдыз жорғамен –
Жүйрікті жер осы ма!
Нажағайдың қонысы,
Иықты жер осы ма.
Ырысымның сонысы
Сүйікті жер осы ма?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter