Өлеңдер ✍️
Наурыз
Келді бүгін ұлыстың ұлы күні,
Бабалардың мирасы тұнық жыры.
Мерекеде бас қосу берекемен,
Ұлтымыздың бұ да бір ұлылығы.
Жер бусанып, қытымыр қысым кетіп,
Көктем келді өлкеме құсын ертіп.
Жылқы жылдың жалына ақтық байлап,
Жануармен қоштастық кісінетіп.
Қала, дала жатқанда тілеу беріп,
Қан тамыры жердің де білеуленіп.
Қағаздағы көп жоба, көп цифрлар,
Көктем болып кетіпті түрегеліп.
Наурыз күні достарым не тілейік,
Наурыз күні тағы бір желпінейік.
Самарқанның көк тасы еріп еді,
Төлдеп жатыр қой жылым мекіреніп.
Көк дөнені көңілдің кетті арындап,
Көп көжені ішейік көкқарындап.
Əнші қайда біздегі, биші қайда?!
Сауық кешті бастайық кеш жарымдап.
Жасқа ғұмыр тілейік, қартқа ғұмыр,
Табиғаттың болмасын ақ тəні кір.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап»,
Ашылсын гүл, сайрасын бақта бұлбұл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter