Өлеңдер ✍️
Тағдырым-ай, арасында жоқ-бардың...
Тағдырым-ай, арасында жоқ-бардың,
Барды жоқ қып кетуге сан оқталдым.
Сенің бір сәт күйдіре ме санаңды
Найзағайы көзімдегі оттардың?!
Өз-өзімді таппай жүрген кезімдей,
Алабөтен боп барады сезімге ой.
Менің көңіл-сахнамның пердесін
Оң қолыңмен жауып кеткен өзің ғой.
Мен сол сәттен мұңға өзімді
батырдым,
Мен сол сәттен ең талантты ақынмын.
Өмір деген соқтықпалы ұзын жол,
Қызыл түске өтіп бара жатырмын.
Шақтар қайда ең санасыз, ең үстем,
Шарапты да, шаттықты да тең ішкен.
Кірін жуып жүр ме екенсің бір үйдің,
Менің пенде кейпіндегі періштем?!
Мен де қазір бұзылғанмын, білемін,
Іш көрсетпей, ішқұса боп күлемін.
Төзімімді сынап жүрген секілді
Тоқтап барып қайта соққан жүрегім.
Хабар күтіп жүрсің бе екен менен де?
Елеңдеймін...
Сен де, Ботам, елеңде.
Қапияда бір жолықсаң болғаны,
Мен өзіңді ұмыттым-ау дегенде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter