Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  127


Автор: Азамат Тасқараұлы

Күрең қасқыр тауы. Қызыл іңір күбірі

Бұлтты тілген аспалы жол,
Жол көреміз тек алдан,
Қан тамырым қаздар қайтан іңір
түстес боп алған.
Аспалы жол, мүсәтір жел...
Мұш Бабамның сонда ғой,
Қызыл аты тасты тарпып,
бір тағасы жоғалған.
Ойыс-ойыс елес буып,
ойдым-ойдым ой қақсам,
Он оқ бұдұн арулары жатқан
көрге бойлап сан.
Қызыл аттың тағасындай
ілулі тұр төбеде
Ай дейтұғын жайдақ шам.
Айға қарап аян оқып,
шөпке қарап шөгейін,
Мен – шудасы шайы кілем
нар тұқымы, не дейін?
Күрең қасқыр, Иең қайда?!
Қарынымды қан тілсін,
Құба күрең топыраққа дала
қаным төгейін.
Дала қаннан боз аршаның
бұтағына жан кіріп,
Мық Үйінен мақау аруақ
айдалаға қаңғырып,
Оның ізін іле басып ілбіп, шіркін,
мен барам,
Қарынымнан қан ағызып...
Боздақ таулар жаңғырып.
Дала қаннан қарағанның күлі
көктеп қайтадан,
Ханшайымдар мола керіп,
жусан белін жайпаған.
...Мына таулар жыныс емес,
Менің асқақ Бабамның
Қатып қалған түйір қаны
екендігін айта алам.
Дала қаннан сексеуілдің шоғы
қызыл түтіндеп,
Қызыл азбан Бұқаларға толып кеткен
мұқым көк.
Жұлдыздарды мүйізімен
жаншып-жаншып сөндірген,
Тәңірді де табанының
құдіретіне көндірген.
Қарын шашы ерте түссе қан жұтуға
жарайды ер,
Сопақ төбе, сабат шірік емес
оның тұғыры.
Ат тағасы.
Күрең қасқыр.
Қызыл іңір күбірі.
Аспалы жол шаңын басып
қан аққанын қарай гөр!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу