Өлеңдер ✍️
Дабылдың жолбарыспен айқасы
Жаңқожадан ер Дабыл екі мүшел кіші еді,
Қалың қабақ, түкті бет, түсі сұсты кісі еді.
Жанқожадан айырылып, Дәуқараға қайран ер,
Қылыш биді сағалап көшіп барған тұсы еді.
Іші толып құсаға Дәуқараға ер келді,
Қарақолдың бойынан Қылыш оған жер бөлді.
Есіл ерді құрметпен қарсы алысып тұрғандай,
Қарақолдың қамысы самал желмен тербелді.
Қалған кезі Дабылдың алпыс жасты алқымдап,
Қарақолда ол кезде су ағатын толқындап.
Егін салып боз жерге Дабыл арық қаздырды,
Көшпенді елде ол кезде алтыннан да дән қымбат.
Көк қамыстың ішінде бақташысыз бағылған,
Тана, баспақ жоғалып кете берді табыннан.
Екі аяқты «жиеннен» көруге де негіз жоқ,
Бұл маңайда пенде жоқ ықпайтұғын Дабылдан.
Бес-алты бас болыпты есептесе шығынды,
Ер ұйғарды ертерек бұның сырын білуді.
Табын жатқан сай жаққа бара берді жаяулап,
Қылыш, найза қалды үйде босағаға ілулі.
Түсе берді сайға енді болмай тіпті ойда түк,
Нар қамыстар теректей өскен биік бойға тік.
Дәл ортаға келгенде батыр түсті үстінен,
Бір тананы жолбарыс жатыр екен жайратып.
Қоя салды жемтігін, көре салып батырды,
«Гүрр» етті де жолбарыс көк қамысты жапырды.
Сары тажал кенеттен, көз ілеспес шалттықпен,
Жай оғындай лапылдап ер Дабылға атылды.
«Жайдың оғын» бойына дарытпады нар тұлға,
Серіппедей бес саусақ қатып қалды алқымға.
Сайдан шыға берді енді, ауыл жақты бетке алып,
Жолбарысты тас қылып құшақтаған қалпында.
Дарытпады құз кеуде лапылдаған «жасынды»,
Тас құрсаудан шыға алмай түз тағысы ашынды.
Бұлқынғанмен тас құрсау одан бетер күшейер,
Шұбар тажал шарасыз бұлқынды да басылды.
Келді ауылға аяңдап, құшағында нән шұбар,
Деді батыр айғайлап: – Уа, қайсың барсыңдар?
Керегеге ілулі кездігімді ап шығып,
Мына ұры кәззаптың жүрегіне шаншыңдар!
Арық бойлай тігілген он шақты үйден ағылып,
Ауыл тегіс жиылды, ер қасынан табылып.
– Ойбай, батыр, тастай бер!
– Өліп қапты жолбарыс!
– Осы екен жеп жүрген малымызды дәнігіп.
Сұлап түсті жолбарыс құм үстіне жығылып,
Кеңірдегі қан-қан боп кеткен екен жұлынып.
Кеңірдектің үзігі тұрғандығын көрді жұрт,
Саусағында батырдың сақинаша ілініп.
Тамашадан тас болып қатып қалды қалың ел,
Анық бүгін шүбәсіз хас батырын таныды ел.
– Мына ұры кәззаптың сыпырың, – деп – терісін,
Сұңқардайын саңқылдап әмір етті Дабыл ер.
Қарақолдан су қашып кеткенімен жоғалып,
Ер Дабылдың ерлігі жоғалмайды, – ол анық.
«Дабыларық» атанып Дәуқара да әлі тұр,
Жұтым суға зар болып батыр қазған сол арық.
Жұтым суға зар болып, кеуіп қалған еріні,
Ерні емес, мейірімге шөлдейді Оның көңілі.
Жетім өлке жабырқау, жүзін әбден қуартқан,
Үрлей-үрлей үздіксіз аптаптардың көрігі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter