Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  145


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Кетпен

Ақ батам: ата жолын қусаң балам,
Күніңді бақ санама бусанбаған.
Бар мұрам-саған қалар қара кетпен,
Бар мұрам-жұпар иіс жусан далам!
(Тарамыс қолыменен қалтыраған,
Сипап бір кетпен жүзін жалтыраған).
Көзі осы бақытыңның, ал, бақытты,
Қадірлеу-ата-бабаң салты, балам!
Бұл кетпен бізге жетіп ғасыр аман,
Ас, тон боп талай жанды асыраған.
Таттанған темірсініп теуіп кетпей,
Бабамның көзі еді деп бас ұр оған.
Жаңғыртып тың өлкеңді күн қақтаған,
Сен осы кетпеніңмен үн қат, балам,
Тұрайын саған қарап шаттанып мен,
Разы болып жатсын тыңдап бабаң.
Бұл күнде өнер қуған өрісің кең,
Егіп ал бақытыңды ер ісіңмен.
Осы ұлым, кетпен деген, нан-тұз деген,
Бабаңның жасы тамып, тері сіңген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу