Өлеңдер ✍️
Бір қария басқа түсіп ғаріптік
Бір қария басқа түсіп ғаріптік,
Қиыр жүріп аурудан арыпты:
«Тамшы суы болар ма еді, – дейді екен,
Бұлғын өзен арасан ғой, жарықтық !»
Сол бір шалдың бес баласы бар екен,
Қолы жеткен бəрі бір - бір нар екен,
Күлісіпті: «Мынау дəулет тұрғанда,
Қалай ғана қара суға зар екен?!» «Машина əзір сейілдеуге шыға алса,
Қырымға да апарар ек құп алса.
Алжыған шал жер-мерім деп көксемей,
Сол Бұлғынның пайдасызын ұға алса».
Кімдер туып, кімдер қайда өлмеген,
Əй, қария - ай, шөлдемеске шөлдеген.
Көп ұлдары салсын ба оған ерікті,
Нелер шипа дəрі беріп көріпті.
Қалдырмапты апармаған арасан,
Бірақ шалың тек нашарлай беріпті.
Жатады екен армандаудан тыйылмай,
Көкіректен бір үмітін сыйырмай:
«А, дариға-ай, кетер ме екен топырақ,
Бұлғынымның шұңқырынан бұйырмай».
Шал төмендеп тіл қатудан қалыпты,
Науқас меңдеп, ақыл-естен таныпты.
Сонда ұлдары: «Өсиетін ең соңғы», «Орындайық»-десіп тілін алыпты.
Қоя тұрып ем-домды да, Қырымды,
(Ой түсті ме бес ұлына жырынды).
Ап жүріпті кіндік кесіп, кір жуған,
Мекеніне қырық жылдан бұрынғы...
Əлде рас, əлде елдің өсегі,
Ұлақшыннан салқын самал еседі.
Туған жердің жұтқан кезде ауасын,
Ақыл-есі енген екен деседі.
Əлде рас, əлде елдің өсегі,
Пенде деген талай кешу кешеді.
Жете сала Бұлғынына бас қойып,
Шалғынына сұлай кеткен деседі.
Əлде рас, əлде елдің өсегі,
Еске түсіп жастық шағы кешегі.
Жауырыны бүлк-бүлк етіп уанбай,
Жарты күнге жылап жатты деседі...
Сонан ары не болғанын білмеймін,
Бəз біреулер жалған шығар бұл дейді,
Жершілдікті тым дəріптеп кеттің деп,
Шалымды да, өзімді де міндейді.
Бəз біреулер нағыз шындық бұл дейді,
Сенімге əмір, жүрекке əмір жүрмейді.
Туған жерге деген сол бір махаббат,
Бұлғынында əлі аман жүр дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter