Өлеңдер ✍️
Анаға хат
Ақ көңіліңдей ақ шұға,
Алау атып жаулығың.
Апа, халің жақсы ма,
Мықты ма денсаулығың?
Он оралып ойыңа,
Былтыр ұшқан бір құсың.
Қара жолдың бойына,
Қарай-қарай жүрмісің?
Өз есебің ішіңде,
Күнді жылдай өткеріп.
Ойлай-ойлай түсіңде,
Жүресің бе көп көріп?
Киімімді көріп көзімдей,
Сылап-сипап мың ауық.
Сағынышпен көз ілмей,
Жатасың ба түн ауып.
Тілек тілеп бақ маған,
Күбір-күбір еске алып.
Құлыным деп жаттаған.
Көкейіңде бес қарып.
Тағат таппай елеңдеп,
Күткендей боп жыл құсын.
Хаты қашан келер деп,
Алаң болып жүрмісің?
Сағынышың қолыңда,
Жанарыңа нұр сіңбей.
САҒЫНДЫҢ БА, АНАШЫМ?
Сағындың ба, жан ана, сағындың ба,
Жанарыңа моншақ жас тағындың ба?
Боз қайыңды бозша айға шомылдырған,
Бозғыл түннің санынан жаңылдың ба?
Сексеуілдей сыңсыған шағыл құмда,
Сарғаюмен, бөленіп жаның мұңға.
Қара жолды шөп басып кетсе дағы,
Терезеге телміріп табындың ба?
Сағындың ба, ұлыңды сағындың ба?...
Менің қайтар жолымда,
«Бұзау көздеп» жүрсің бе?
Барам, апа, көктемде,
Жаңбыр сеуіп өткенде.
Алтай алқа таққанда,
Бұлғын сылдыр қаққанда.
Жаздың алып бар əнін,
Құстай ұшып барамын.
Аймалатып шекемнен,
Айлап жүріп кетем мен.
Аман-есен ұлың жүр,
Бір серпілсін сағыныш.
Жан апатай, бүгін бір,
Күрең шайды қанып іш.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter