Өлеңдер ✍️
Спектакль үстінде
Зал. Тыныштық. Күрсіністер: «жалған-ай.
Жапырақтар жастайынан солғаны-ай..»
Сахнада сұм соғыстың бейнесі,
Сахнада күңіренген Толғанай.
Қозғалды ма шіркін жара түптегі,
Неге егілді, мынау əжей «үһ»-деді.
«Үһ»-дегені қандай ащы япырай,
О, қасырет, саған қанша жүкті еді?!
Ей, көкірек, неге ғана жасыдың,
Кетіппе еді сенің де өз Қасымың.
Алапатпен арпалысып батыста,
Бірге ғайып болып па еді асылың.
Ширек ғасыр, шіркін мейір өппеді,
Əлі іздейді-ау жосылып жас беттегі.
Əжекем-ай, түсті ме еске ұлыңның,
Дəл осылай аттанып бір кеткені?!
...Қарғыс апат солдырмады не гүлді,
Қанша бүтін қабырғалар сөгілді.
Қанша шерлі Толғанайлар егілді,
Қанша жасы əжелердің төгілді.
Ау, адамдар-тарих, өзің сөйлеші,
Соғыс түгіл шошытпай ма бейнесі.
Ұстатпаңдар алқымынан өмірдің,
Жыртылады тыныштықтың жейдесі.
Бағымыздан жастай солып бір шыбық,
Бағбан ана егілмесін күрсініп.
Жұмыр жерді тұрсын дақсыз көтеріп,
Толғанайды сүйеп қалған тіршілік!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter