Өлеңдер ✍️
Мінездеме
Тәйтік Мәйтіков –
Бұрын балалық жасап,
Бір-екі рет сотталған,
Бірақ қазір ақылы тоқталған
Соқталдай азамат.
Білімі жеткілікті –
Аты-жөнін екі тілде
Қатесіз жаза алад.
Арақты даталы күндері ғана ішеді,
Айықтырғышқа
Айына бір-ақ рет қана түседі.
Ішсе несі бар,
Амандық-саулық үшін ішеді дағы,
Үйдегі бес-алты бала мен
«Ақ жаулық» үшін ішеді дағы.
Алақаны ашық –
«Сообраздан» қашпайды,
Жұрт бір сом берсе,
Ол тұтас он сом тастайды.
Елгезек –
Біреудің тойы десе жанып тұрады,
Өзгелерден бір сағат бұрын
Галстугін тағып барып тұрады.
Шешендігі керемет –
Ауыздыға сөз бермейді,
Жартыны жалғыз жұтса да,
Тілі күрмеліп, жүзі өзгермейді.
Тек той тарқарда
Тоңқайып қалатыны бар,
Сазға батқан трактордай
Шоңқайып қалатыны бар.
Адалдығын сұрамаңыз,
Айыбын айтқызбай мойындайды,
Сондықтан Тәйтік жөнінде
Ескертуден артық
Мәселе қойылмайды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter