Өлеңдер ✍️
Үзіліс
Күткеннен асқан азап жоқ,
Күттіргеннен асқан мазақ жоқ.
Ішімізде қасқамыз бар,
Басқамыз бар,
Үңірейген есіктегі
«Үзіліс» деген жазуға
Үнсіз
Үздігіп,
Үңіліп тұрғанымызға,
Асырып айтқанда – алты сағат,
Ашығын айтқанда – жарты сағат
Уақыт өтті.
Осыншама «өшіретті»
Телміртіп қойғандардың
Телпегі темір ме деп қалдық,
Темір болмаса, тегін бе
Деген пікірге тоқталдық.
Өйткені,
Сағат үштен асып кетсе де,
Үзілісті
Үзетін уақыт жетсе де,
Есіктің арғы жағынан
Тіршіліктің нышаны байқалмады.
Ал оның себебін
Ешкім кесіп айта алмады.
Біреу жалынып,
Біреу қорқытып,
Саңылаудан дауыстап еді,
Күзетші шал шырт түкіріп:
– Нервіңді текке тауыспа! – деді.
Бұлардың үзілісі
Үш сағаттан кем болмайды.
Қалай ескертсең де,
Ешқайсысына ем қонбайды.
Себебі:
Бас сатушы –
Басекеңнің бәйбішесі.
Ал жас сатушы –
Сол шаңырақтың бір мүшесі.
Мазалай берсеңдер,
Мүлде ашылмауы мүмкін,
Бәйбішенің «бораны»
Жуық арада басылмауы мүмкін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter