Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  116


Автор: Марат Нұрқалиев

Жоғалған тон

«Он говорит, он говорит,
Он қойдың терісі – тон, – говорит», –
Деген екен бір сауатты баяғыда,
Сол айтқандай, бір тон үшін
Он қойдың терісін аядым ба!
Жылы болсын
Қыста қойды баққанда,
Қаһарлы айлар –
Қаңтар менен ақпанда,
Деген оймен
Шеберханадағы достарға:
– Терінің саны – он,
Маған керегі – тон! –
Деп тақпақтап,
Он теріні өткен жылы өткізгем.
Олар: «Қатырамыз!» – деп,
Төбемді көкке жеткізген...
Міне, содан бері
Жаз өтті,
Күз өтті.
Шеберхананы мезі еттім.
– Қалай жүрем тонсыз!
Тоңамын ғой онсыз! –
Десем, олар:
– Түйме жатыр табылмай,
Әйтпесе, тон дайын, – дейді.
Мен:
– Күтпеймін ондайын, – деймін. –
Түйме табылғанша қапсырып
Қайыспен байлап қоям,
Сол үшін бір қайысты
Әдейі сайлап қоям! –
Деп дызақтаймын,
Олар міз бақпайды.
– Тонсыз да бұрын жүрдің ғой,
Шыдай тұр, – деп қылжақтайды.
...Содан
Тон да жоқ,
Тері де жоқ.
Қажыдым келуден көп.
Қала ма деп табылып,
Ескі шапанымды жамылып,
Үміттеніп отырмын.
Әй, қайдам,
Күдіктеніп отырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу