Өлеңдер ✍️
Қалдарбек Найманбаевқа арнау
Сезінемін биіктігін бағаңның.
Ұлы болдың атаң емес, адамның,
Жарқ етіп жарық туған жұлдыздайын,
Жақсылықтың жаршысы боп жаралдың.
Жақсының жақсылығын жазу үшін,
Жүйткуі де жөн емес пе қаламның.
Үнсіз қалу мен үшін жараспайды,
Елеулі еңбегіңді жай ұқпадым.
Өрлігіңе ешкім де таласпайды,
Сондықтан өзіңе өлең лайықтадым.
Бүгінде өрлеп келед салған арнаң,
Қауымдастық қанатын жаюда кең.
Аласұрып артыңда қалғандарға,
Өзіңдей өр боп өту арман екен.
Есіне алып, бар қазақ толғануда,
Қашан да жайсаңдарды ұмытпап ек.
Бүгінде көзің тірі болғаныңда,
Жетпісіңді ел болып ұлықтар ек.
Барлығы да рухыңа бас иеді.
Атажұртты аңсаған ағайынның,
Жанашырлық танытып жан ұшыра,
Сауабына қалып ең талайының,
Қаламгерлік қасиетің ол бір төбе,
Талай еңбек туылды қаламыңнан.
Қазағың айрылғанын түсінеді,
Баға жетпес асыл текті адамынан.
Нар тұлғаны дүние-ай жалған ба ең,
Сыйғызбай алып кеттің маңдайға кең.
Аттандырып өзіңдей ұлды амал жоқ,
Қимастықпен қап қойды шалғайда ел.
Қадірлісің қарапайым қалпыңменен,
Не көрсең де бір көрдің халқыңменен.
Өзіңдей ұлы болған ұлт бақытты,
Сақталмақ жұрт жадында жарқын бейнең
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter