Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  133


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Мен сені алғаш көргенде

Өзіңді алғаш көргенде,
Бақытты санап өзімді.
Ойымды саған бөлгенде,
Жоғалтып алдым төзімді.
Сөзбенен айтып сезімді,
Тілекті айтып аптығып.
Жалғыздық сәттер сезілді,
Ұшты да кетті, бақты үміт.
Тұнжырай батып сезімге,
Айрылдым сенен арманым.
Асықтым неге кезінде,
Дақ салып кеттің, арға мін.
Түсімде көрем күлкіңді,
Оянып кетсем егілем.
Жабығып жүрмін бір түрлі,
Қайғыдан неге жеңілем.
Аспанда қалқып ай тұрмас,
Қаскүнем бұлт қаптаса.
Сезімсіз болған жақсы екен,
Қайғырып таңың атпаса.
Не пайда тексіз арманнан,
Жете алмай қалсаң шыңына,
Жабығып мына жалғаннан,
Сүріндім қатты жығыла
Жығылған кезде сүйемей,
Міз бақпай жүрсің өзгемен.
Жүрегім оттай күйеді,
Арманың сол ма, көздеген.
Аттырып таң шапағын,
Кездесті көп күттіріп аңсағаным.
Таңдадым, жанымды ұғар жар болар деп,
Пешенеден көремін жанса бағым.
Сұлудың сырын ұқпай кердеңдеген,
Талай жанмен қауышып, серуендегем.
Әр жанның жан дүниесін зерттеуменен,
Өтіп барады «дүние-керуен» – деген.
Бұл жалғанда кім-кімді сынамайды,
Тағдырды емес,
Мені олар кінәлайды.
Тағдыр ғой бақытыммен қауыштырған,
Мерген де емен,
Көзге атқан құралайды.
Кездеспедің дейсің сен, кеше неге?
Құдайдың бар жазғаны пешенеде.
Өзіңдей ару жанын зерттемесем,
Ақынның ақ қаламы төселе ме!.
Тыным жоқ, бүгін міне шыбын жанға,
Сүйген жан, махаббатты ұғынған ба.
Адамды алдайды екен сезім деген,
Жүрегім содан бәлкім, суынған ба?!
Мәңгілік келмейді екен бақыт шіркін,
Жымиып күліп қана үнсіз жүрсің.
Сағымдай, көк жиектен қол бұлғаған,
Кетерсің ғайып болып, сен де бір күн.
Жанымды мұңға ораған толған қайғы,
Періштем, пері болып жолдан тайды.
Жанымды ұғынатын жан таба алмай,
Үмітім үзілді енді, жалғанбайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу