Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  96


Автор: Бекен Әбдіразақов

Өмір маған бар уын сарқып берді...

Өмір маған бар уын сарқып берді,
Сірә, мені өзгеден артық көрді?!
О дүниеге шынығып барсын дей ме,
Суға тастап, отқа сап, тарпып көрді.
Кезім еді құл болар жорғалап-ақ,
Көнбегесін қойды енді торға қамап!
Сонда да мен серілік жынын қақпай,
Жымиямын әншейін сорға балап!
«Барар жері» – Балқан тау өзім барған!
Болған емес мендегі сөзің жалған.
Азар десең, есекке теріс мініп,
Ақиқатты іздермін көзім талған!
Зарламаспын ешқашан «Заман-айды»,
Кінәм қанша – жүрегім шамалайды.
Әттең, өмір бір тұтам болып кейде,
Аш қасқырдай өкініш қамалайды!
Қалғып кетсем, бойымнан шоқты өшіріп,
Онда маған дүниеде жоқ кешірім!
Кейінгілер көрген соң – ойланар сәл –
Жүрегімнен оймақтай оқ тесігін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу