Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  127


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Суық түнмен сырласу

Шаншымайтын еді ғой жүрек тұсым,
Жапырақтай жанымның дір еткішін...
Жалғыз сәуле шарқ ұрды қараңғыда,
Түн баласы, шынымен түнекпісің?
Жанарыңнан қорқамын жалқын қара,
Ызғар шашып қарайсың салқындана.
Тәтті ұйқыдан бейуақ шошып тұрам,
Сен кіргенде түсіме зарпыңды ала.
Думаны көп сайранды күндіз көріп,
Кимедім мен түлкі ішік, құндыз бөрік...
Орындалсын сол қыздың бір арманы –
Ағып өтсем төбеңнен жұлдыз болып.
Шақыруда өзіне тұңғиық көк,
Тылсымданған тереңге сүңгиік деп.
Өтінбеймін, бірақ та қолдан келсе,
Манар таудың шыңындай мың биіктет.
Итшілеткен тірліктен – көңіл сұлық,
Жүрміз дейді мына жұрт өмір сүріп.
...Таңғы шықтан сұрамай мөлдірлікті,
Көлгірсідік кей-кейде, көңірсідік...
Әттең, дүние-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу