Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  127


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жанталас

Табылмас па бір адам күйімді ұғар?
Ажал келіп миымды құйын қылар.
Жүрегімнің ересен тылсым күші
Ата-бабам рухына сиындырар.
Жанарымда тұрғандай бұлт еңіреп,
Құса-қайғым Жерден де үлкенірек.
Құлпытасты, қойтасты – Зиратстан...
Менің дағы мекенім бұл төңірек.
Шапалақ боп тиеді запы бетке,
Ей, Пешене, сыңарың Ақырет пе?!
Жан кеткен соң пайдаға жарамас-ау –
Құр сүйек те, қып-қызыл пақыр ет те...
Қайда барам, білмеймін, қайда асығам?
Кімді көрдім Ғайыптың айнасынан?
Жатып алып, зымыран-қиялымды
Күнге асырам, әйтеуір, Айға асырам.
Шулап қалу оңай ма сабырыңмен?
Қурап қалу оңай ма тамырыңмен?
... Зікір салып, мен енді өле-өлгенше
Иман тілеп өтемін Тәңірімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу