Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  134


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Даламен дидарласу

Көзімнің қарашығы – тұңғиық түн,
Көкейде табы қалды мұң-күйіктің.
Кейісі болмасын деп келешектің
Кемеңгер Тарих сырын ылғи ұқтым.
Көп елес оралған соң төрден кеткен,
Күміс көл аққуларын көлбеңдеткен.
Көкжалдар Маңғыстауды азу қылмай,
Кекселеп апанында өлген деп пе ең?!
Кәтепсіз боздап өскен Нарым қанша,
Кегімді қозғап өшкен Зарым қанша!
Кескекті Ерлерімнің Ата Заңы:
Күл болам – келімсекке бағынғанша!
Көпекке Шотан да – жат, Шабай да – жат,
Көкекке Отан да – жат, Сарай да – жат...
Күнәға күнә қосып арқалап жүр
Күңгірттеу тіршілікте талай қазақ.
Кер тағдыр жаңылмайды есебінен,
Көкмойнақ тең бе сарттың есегімен?!
«Кемелді Коммунизм, қайдасың?» - деп
Көмейлер бүлкілдепті кеше, білем.
Кесірі болмақ емес Ділге Тектің,
Күпірлік кірін іздер гүлді етектің.
Келісі келмей жүрген Ізгуіме
Күш берді-ау әруағы Пір Бекеттің.
Көгертіп Рухымның көсегесін,
Керімсал самалдайын еседі Есім.
Күн санап Отпан-Таудың шоқтығынан
Күткенмін Ақ Бабамның Кесенесін.
... Кең дала, Әулиелер мекенісің,
Көсіліп ұрпағыма жетемісің?!
Кездігін Ібіліске кезеп өткен,
Көрдің ғой Шалдарымның бекем ісін.
Күптеніп, жарылмасын Ұлан өті,
Көтеріп өр кеудеңді... Құран оқы...
Кәпірдің өшіре алмай өшіккені:
Кәләм-Дін – Жүрегімнің Ұран-Оты!
Күйім боп күмбірлейсің таң атқанда,
Киеңсіз бармағымнан бал аққан ба?
Күрең кеш қанға айналып баратқанда
Күбірлеп жалбарынам Жаратқанға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу