Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  125


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Сәуірдегі сағыныштар

I
Жүр едім жырға көптен қаталап,
Төкті ғой нұрын көктем баталап...
Жадымнан бірақ өшпейді неге
Өткен күз бенен өткен махаббат?
Өзгерген бүгін айналам мүлде,
Қараймын кілең жайнаған гүлге.
Ақ жауын аппақ арманым сынды,
Тамшылар ұқсайд жайраған дүрге.
Жаралды жасыл жапырақ тағы,
Жаңарды дүние, атырап – бәрі...
Ұмыта алмадым көшкен дәуренді,
Ұмыта алмадым ақырапты әлі.
Оралмас күннің салмағы басты-ай,
Тұрса екен өмір – бар мәні қашпай.
Сап-сары көне сағыныштардың
Санама сіңіп қалғаны растай!..
II
Жаным көктем, өтінем, кешір мені,
Тиді саған мұңымның кесірлері.
Менің мұңым – күз еді өтіп кеткен,
Озалғы өлең сол ғана есімдегі.
Құлазиды, ұқсайды көңіл түзге,
Жапырақтар жас болып төгілді ізде.
Жылағаны қинап жүр махаббаттың,
Қоштасудың белгісі қоңыр күз бе?..
Күз өткен жоқ, талайлы кезім өтті,
Жүрегімді жалынды сезім өпті.
Сағыныштар санамды сартап қылды,
Сағыныштар санамды мезі де етті.
Атты, міне, сәуірлік жарық таңым,
Оған мүлдем белгісіз ғаріп халым.
Түніменен жазғаным – озалғы өлең,
Сонда жатыр мәңгілік зарыққаным!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу