Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  152


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Жусан төбе

Жеткізбейді-ау сағымдай қусам көне,
Қой бақпас ем жасымнан тусам төре.
Теңіз сынды Бейнеудің жал-жал құмы,
Тау сықылды мұндағы жусан төбе.
Ала таңнан түз кездім күн батқанша,
Қымбаттасын сол күндер қымбаттанса.
Белестерім бүк түсіп жатыр кілең –
Шешімдері жоғалған жұмбақтарша.
Хақтың нұры үстінен жауған құйып,
Жусан төбе сондықтан таудан биік.
Кеңдігін-ай даланың, кеңдігін-ай,
Сыймай кетіп ғайыпқа ауған киік...
Киік едім мен де бір – лағыл арман,
Естірек қой қашанда тағы малдан.
Тарлығын-ай қаланың, тарлығын-ай,
Тұтқын болдық жырақта қағы қалған.
Сөзім жетті құрбының құрмасына,
Көзім жетті жалғанның тұрмасына.
Шәр ішінде адастым жынды құсап –
Бұл да болса дайындық қыр басына.
Жусан басы бүр жарса бусанар түп,
Қой бақпас ем жасымнан тусам артық.
Бейіт болып Бейнеудің беткейінде,
Жатам ертең мәңгілік жусан аңқып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу